7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне 81 жаңа қызметтік көлік табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, полиция қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы Мемлекет басшысының құқық қорғау саласын материалдық-техникалық тұрғыдан күшейту жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде орындалып жатқанын айтты.
Нариман Төреғалиевтің сөзінше, соңғы үш жылда халықтың қауіпсіздігі мен тіршілігін қамтамасыз ететін салаларға арналған арнайы техникаларды сатып алуға облыстық бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы қаражатқа шамамен мыңға жуық техника алынған. Оның 331-і құқық қорғау органдарына табысталған.

Облыс әкімі өткен жылы ғана облыстық бюджет комиссиясының шешімімен 935 млн теңге бөлініп, полиция қызметіне 66 автокөлік сатып алынғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай нақты қолдау «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтып, полиция беделін көтеруге және халық сенімін арттыруға бағытталған.
Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Сондықтан жаңа техника олардың жұмысын жедел әрі тиімді атқаруына мүмкіндік береді.
Шара барысында бірқатар полиция қызметкеріне мерзімінен бұрын арнайы шендер берілді. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрі, облыс әкімі және полиция департаменті басшысының атынан марапаттар табысталды.

Қазіргі жағдайда құқық қорғау саласындағы материалдық базаның күшеюі тек техника жаңарту емес. Бұл жедел әрекет ету уақытын қысқартуға, қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтуге және полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастырылып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







