Жетісу облысында Отан қорғаушылар күніне орай «Бейбіт елдің қалқаны» атты әскери-патриоттық муралдың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба елдік рухты дәріптеуге, жастар арасында отансүйгіштік сезімді күшейтуге және әскери қызметтің маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған. Көркем туынды «Көктем» ықшамауданында орналасқан.
Муралда батыр бабалар бейнесі, бүгінгі сарбаз келбеті және келешек ұрпақтың жарқын образы сабақтасып берілген. Туынды бейбіт өмірдің қадірін, ел тыныштығын күзеткен азаматтардың еңбегін және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты көркем тілмен жеткізеді.
Ерекше тұсы муралдың көркемдік тұжырымдамасы «Zhetisý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен жасанды интеллект технологиясы арқылы әзірленген. Ұлттық мазмұн мен заманауи цифрлық шешімдер ұштасқан жоба үш күн ішінде жүзеге асқан.
Салтанатты рәсімге Жетісу облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Медет Тұрыскелдиев, «Zhetisý jastary» КММ директорының міндетін атқарушы Арнай Байжурынов, жастар, қоғам белсенділері, шығармашылық орта өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Медет Тұрыскелдиев муралда батырлықтың үш кезеңі бейнеленгенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай туындылар жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелейді. Ел тарихын, батыр бабалардың ерлігін өнер арқылы көрсету ұлттық сананы күшейтудің маңызды жолы саналады.
Арнай Байжурынов та жобаның тәрбиелік мәніне тоқталды. Оның сөзінше, бүгінгі жастар технология дәуірінде өсіп келеді, сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттауда жаңа тәсілдерді пайдалану қажет. Жасанды интеллект арқылы әзірленген мурал шығармашылық пен технологияның үйлескен көрінісі ретінде бағаланды.
Жобаның негізгі мақсаты жас буынға бейбіт өмірдің бағасын түсіндіру, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіру және әскери қызметшілердің еңбегін дәріптеу. Мұндай бастамалар қоғамдық кеңістікті көркейтіп қана қоймай, азаматтық ұстаным мен елге деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Бейбіт елдің қалқаны» муралы Жетісу өңіріндегі патриоттық тәрбиенің жаңа көрнекі нышанына айналды. Ол қала келбетіне тың сипат беріп, жастарға елдік рухты өнер арқылы жеткізетін мазмұнды жоба ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







