Қонаев қаласында тозығы жеткен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жуырда Қонаев көшесінің бойында және ХҚКО ғимаратының алдында болған апаттардан кейін инженерлік коммуникацияларды мерзімінен бұрын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұған дейін қаладағы орталық көшелердің бірінде асфальт опырылып, апатты жағдай тіркелген еді. Мамандар мұндай жағдайға ескірген кәріз құбырлары себеп болғанын айтады.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Тимур Ақмырзаевтың сөзінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында кәріз желілерін қайта жаңарту және салу бойынша кешенді жұмыс жоспарланған. Қазіргі құбырлар 58 жыл бұрын тартылған. Ал оларды жаңарту бастапқыда 2027 жылға жоспарланған еді.
Соңғы апаттардан кейін жоба мерзімі 2026 жылға ауыстырылды. Енді ұзындығы 6 шақырымнан асатын кәріз желісі толық жаңғыртылады. Құрылыс жұмыстары алдағы бір ай ішінде басталмақ.
Биыл ұлттық жоба шеңберінде Алматы және Сейфуллин көшелеріндегі ауыз су желілерін жаңарту да қолға алынады. Сонымен қатар жылу жүйелерін модернизациялау бойынша екі ірі жоба іске асырылады.
Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, 2026 жылы инженерлік инфрақұрылымға қатысты 5 жоба жүзеге асады. Келесі жылға тағы 4 жоба жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы 67 шақырым инженерлік желі жаңартылады.
Қонаевта 11 кәріз-сорғы станциясын жаңғырту жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазір екі нысанда құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Жобаны жақын арада толық аяқтау көзделген.
Әкім орынбасары кәріз-сорғы станциялары су бұру жүйесінің негізгі бөлігі екенін атап өтті. Олар ағын суды тазарту нысандарына айдайды. Сорғы жабдықтарын ауыстыру және станцияларды жаңарту жүйенің сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қаладағы тағы бір күрделі мәселе – тазарту нысандарының тозуы. Қазіргі кәріз-тазарту жүйесінің тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Осыған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа кәріз-тазарту кешені салынып жатыр.
Жаңа нысан Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасады. Құрылыс алаңында жер жұмыстары басталған. Кешен сағатына 1600 текше метр суды қабылдай алады.
Жоба қала тұрғындары үшін аса маңызды. Себебі ескі тазарту нысандарынан шығатын жағымсыз иіске қатысты шағым жиі айтылатын. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін ескі нысан рекультивацияланып, экологиялық мәселе шешіледі деп жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтау көзделген. Жобаның жалпы құны 33 млрд теңгені құрайды.
Осылайша Қонаевта ондаған жыл бойы жаңартылмаған коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен модернизациялау басталып отыр. Бұл қала қауіпсіздігі, экология және тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасы үшін маңызды қадам болмақ
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







