Жеңіс күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің шаңырағына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құттықтау хаттарын табыстап, ел тарихының бір бөлшегіне айналған жандарға алғыс айтты.
Облыс әкімі барған жандардың бірі – тыл еңбеккері Шайкамал Есқожинова. Ол 1936 жылы Күршім ауданының Құйғанды ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келіп, ерте есейген. Ұзақ жылдар балық зауытында еңбек еткен Шайкамал апа жолдасымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде оның ұрпағы арасында ұстаздар мен медицина саласының мамандары бар. Қазір ол 17 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Ана еңбегі үшін «Алтын алқа» алқасымен марапатталған.
Нұрымбет Сақтағанов Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Головатюктің де шаңырағына барды. 98 жастағы қария соғыс жылдары жасөспірім кезінде Иркутскіден Байкалға дейінгі тайга арқылы теміржол құрылысына қатысқан. Кейін әскер қатарына шақырылып, милитаристік Жапонияға қарсы Манчжур операциясына қатысқан. Соғыстан кейін 30 жылдан астам уақыт қорғасын-мырыш комбинатында балқытушы болып еңбек етті. Жауынгерлік ерлігі мен ерен еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталып, «Құрметті металлург» атағына ие болды.
Мерекелік құрмет Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Стрехоға да арналды. Биыл ол 100 жасқа толды. Павел Еремеевич майданға 17 жасында аттанып, Кёнигсбергті азат ету шайқастарына қатысқан. ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.
Кездесу барысында облыс әкімі Жеңіс буынының ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі бейбіт өмір сол ұрпақтың қайсарлығы мен табанды еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Ардагерлер соғыс және соғыстан кейінгі жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Олар қиын кезеңді еске алып, бүгінгі ұрпақ үшін бейбітшілік пен бірліктің қадірі қашанда биік болуы керек екенін жеткізді.
Мұндай кездесулер мерекелік рәсім ғана емес. Ол елдің тарихи жадына, аға буын алдындағы құрметіне және ұрпақ сабақтастығына негізделген маңызды тағзым. Жеңіс буынының өмір жолы кейінгі ұрпаққа төзім, еңбек және елге адалдық үлгісі болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








