Абай облысында Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Берік Уәли мереке күндеріне орай Мәскеуге барған соғыс ардагері Григорий Маларовпен байланысқа шығып, оны Жеңіс күнімен құттықтады. Аймақ басшысы Абай облысындағы көзі тірі жалғыз майдангерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент құттықтауында ардагердің өмір жолы жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің үлгісі екені айтылған. Сонымен қатар «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» деген сөз Жеңіс күнінің бар мәнін айқындайтыны атап өтілген.
Григорий Маларовқа мемлекет тарапынан 5 млн теңге қаржылай сыйақы берілді. Биыл жазда 100 жасқа толатын ардагер 19 жасында Отан қорғауға аттанып, 2-ші Балтық майданы құрамында Эстония мен Польшаны азат ету шайқастарына қатысқан. Ол Берлинге дейін жетіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосты.
Соғыстан кейінгі жылдары Григорий Маларов Шүлбі ГЭС-інде бас экономист болып еңбек етті. Энергетика саласына қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
Аймақ басшысы Семей қаласында тұратын тыл ардагерлері Шайхслям Үскенбаев пен Иван Бельгердің де шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.

Шайхслям Үскенбаев соғыс басталғанда небәрі 13 жаста болған. Әкесі еңбек армиясына кетіп, анасы ауылда қалып, майданға қолғап тоқып, ауыл шаруасына араласқан. Ол 14 жасынан бастап колхозда еңбек етті. Соғыстан кейін ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарып, ел ішінде сыйлы азаматқа айналды. Бүгінде 98 жастағы қария Семейде ұрпағының ортасында ғұмыр кешіп отыр.
Жеңісті жақындатқан жандар
Иван Бельгер 1927 жылы дүниеге келген. Соғыс жылдары еңбекке ерте араласып, орман шаруашылығында жүргізуші, кейін механик болып жұмыс істеді. Қазақстанға жер аударылған Бельгерлер отбасы Павлодар өңіріне қоныстанып, Майқарағай орман шаруашылығында тұрақтаған. Иван Иванович 15 жасынан бастап ауыр жүк көлігін жүргізіп, еңбек майданына араласты. Кейін Екібастұзда көміравтоматика саласында бас механик болып еңбек етіп, 58 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шықты.
Қазір 99 жастағы Иван Бельгер Семей қаласында тұрады. Ол «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» секілді көптеген медальмен марапатталған.
Берік Уәли тыл еңбеккерлерін құттықтап, олардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айтты. Облыс әкімінің сөзінше, соғыс жылдары бар ауыртпалықты көтеріп, тылда тынымсыз еңбек еткен жандар елдің еңсесін тіктеуге өлшеусіз үлес қосты.
Абай өңірінен 100 мыңға жуық азамат майданға аттанған. Олардың 44 мыңнан астамы туған жерге оралмады. Майдан даласындағы ерлігі үшін 56 жерлес Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Жеңіс күні қарсаңындағы мұндай кездесулер мерекелік рәсім ғана емес. Ол ел жадына, аға буын алдындағы құрметке және ұрпақ сабақтастығына негізделген маңызды тағзым. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің өмір жолы кейінгі буынға төзім, еңбек және елге адалдықтың шынайы үлгісі болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







