Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Олар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіп, бейбіт күн үшін жанын қиған батырларды еске алды.
Шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 35748 әскери бөлімі оркестрінің орындауындағы Мемлекеттік әнұранмен басталды. Жиналған жұрт майдан даласында қаза тапқан ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі, қалалық мәслихат төрағасы, ардагерлер және қоғам өкілдері қатысты. Олар Мәңгілік алауға, сондай-ақ «Жұлдыз» және «Ұшақ» монументтеріне гүл шоқтарын қойып, «Даңқ» аллеясын аралады.
Жеңіс күні – майдандағы ерлік пен тылдағы қажырлы еңбектің, халық бірлігі мен отансүйгіштіктің символы. Соғыс жылдары мыңдаған қазақстандық майданға аттанып, елдің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірі үшін күресті. Олардың қатарында Шымкент өңірінен шыққан жауынгерлер де аз болған жоқ.
Дерекке сүйенсек, 100-ден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған, 500-ге жуық азамат Батыр атағына ие болған. Ал ондаған мың қазақстандық жауынгерлік ерлігі және тылдағы адал еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Шара барысында қала тұрғындары майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет білдірді. Аға буын өкілдеріне бейбіт өмір мен ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегі үшін алғыс айтылды.

Ардагерлердің ерлігі мен соғыс жылдарындағы төзімі кейінгі ұрпақ үшін қайсарлықтың, сабырдың және отансүйгіштіктің үлгісі болып қала береді. Жеңіс күні сол ерлікті ұмытпай, ел жадында сақтаудың маңызды белгісі ретінде ұлықталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







