Жетісу облысында 9 мамыр – Жеңіс күніне орай облыс әкімінің Кубогы үшін республикалық бәйге жарысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Талдықорған» ипподромында ұйымдастырылған мерекелік спорттық шараға еліміздің бірнеше өңірінен 100-ден астам шабандоз қатысты. Жарысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы барып тамашалады.
Турнир ат спортының үш түрі бойынша өтті. Қатысушылар құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгеде бақ сынады. Ұлттық спорттың мереке күнгі бағдарламаға енуі Жеңіс күні тағылымын елдік рухпен, дәстүрмен және дала мәдениетімен ұштастырды.
Құнан бәйгеде Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген «Бақ» атты тұлпар бірінші болып келді. Жүйріктің иесіне 1 млн теңге ақшалай сыйлық берілді. Бұл санатта бес жүлделі орын белгіленіп, үздіктер қатарынан Жамбыл, Павлодар облыстары мен Жетісу облысының Ескелді және Панфилов аудандарынан келген тұлпарлар көрінді.
Топ бәйгеде Павлодар облысының «Майданқара» тұлпары оза шауып, бас жүлдені иеленді. Жеңімпазға 2 млн теңге ақшалай сыйлық табысталды. Кейінгі орындарды Жетісу және Алматы облыстарының жүйріктері алды.
Аламан бәйгеде Алакөл ауданының «Ұлар» атты тұлпары үздік шықты. Тұлпар иесі облыс әкімінің Кубогын және 5 млн теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарынан келген жүйріктер де жүлделі орындарға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша әр санатта оза шапқан сәйгүліктер мен шабандоздар арнайы кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жетісуда өткен республикалық бәйге ұлттық спорттың өңірдегі беделін арттырып қана қоймай, мерекелік күннің мазмұнын да байыта түсті. Бәйге – қазақтың жылқыға деген ықыласын, шабандоздық өнерін және дала рухын сақтап келе жатқан спорт түрі. Сондықтан мұндай жарыстар ұлттық құндылықты жаңғыртып, жас буынның дәстүрлі спортқа қызығушылығын күшейтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







