Семей қаласындағы Водный кентінде «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Таза қала – таза орта» экологиялық акциясы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тазалық шарасына облыстық қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінің қызметкерлері, Ассамблея жастары және қаланың 50-ге жуық белсенді жасы қатысты. Олар кент аумағын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіруге атсалысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық жұмысы жүргізілген аумақ әлеуметтік желілерге жасалған мониторинг нәтижесінде анықталған. Бұл тұрғындардың қоршаған ортаға бейжай қарамай, қоғамдық мәселені көтеруі нақты іске ұласқанын көрсетеді.
Шара барысында қатысушылар табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Мұндай акциялар жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Облыстық қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінің әдіскері Ерсінбек Өрлеубек тазалық тек сенбілікпен шектелмеуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, қоршаған ортаны таза ұстау әр адамның күнделікті өмір салтына айналғанда ғана нәтиже болады.

Акция соңында қатысушылар тұрғындарды қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырып, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында 4 сәуірден бері Абай облысы бойынша экологиялық және санитарлық тазалық шараларына 182 847 адам қатысты. Сонымен қатар 2 369 ұйым мен мекеме өкілдері жұмылдырылып, 958 бірлік техника пайдаланылды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 14 387 аула, 275 саябақ пен сквер аумағы тазартылды. 9 547 тонна қатты тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Бұдан бөлек, облыс аумағында 20 750 түп ағаш отырғызылды.
Водный кентіндегі акция тазалықтың әкімдік немесе арнайы қызметтердің ғана жұмысы емес екенін көрсетті. Қала мен ауылдың көркі тұрғындардың жауапкершілігіне, жастардың белсенділігіне және ортақ іске деген ықыласқа тікелей байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







