Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен функционалдық құзыреттерді дамытуға арналған үш күндік модульдік оқу басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқу жұмысына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері және бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысып жатыр. Жалпы саны 110 адам кәсіби біліктілігін арттырып, өңірлік басқару, тұрғындармен байланыс және қоғамдық коммуникация бойынша жаңа тәсілдерді меңгеруде.
Бұған дейін «AMANAT» партиясы саяси ұйымның кадрлық активінің функционалдық құзыретін дамытуға бағытталған жаңа жобаны қолға алған еді. Жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі нәтижелі басқарушы буын қалыптастыруды көздейді. Негізгі мақсат, өңірлердегі өзекті мәселені дер кезінде шешуге, азаматтармен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға қабілетті жаңа форматтағы кадр корпусын дамыту.
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев оқу курсының өңір үшін маңызы жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, қатысушылар алдағы уақытта тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату негіздерін жетілдіріп, жаңа тақырыптарды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады.
«Оқу курсына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері және бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысуда. Алдағы уақытта олар тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату негіздерін жетілдіреді. Сондай-ақ осы оқу барысында жаңа тақырыптарды меңгеруге де мүмкіндік жасалуда», деді Мұрат Мұқаев.
Саяси менеджмент академиясының мамандары мен кәсіби лекторлары қатысушыларға дәріс оқып, олардың функционалдық құзыретін дамытуға бағытталған практикалық сабақтар өткізуде. Бағдарлама тек теориямен шектелмей, жергілікті басқару мен қоғамдық жұмыста қажет болатын нақты құралдарды үйретуге құрылған.
Модульдік оқу – тиімді басқару кепілі
«AMANAT» партиясының Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев оқу барысында теория мен тәжірибе қатар жүретінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындармен, сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс істеу, өңірдің әл-ауқатын арттыру және аймақтағы проблеманы шешу мәселесіне басымдық беріледі.
«Оқу барысында тек теориялық материалдармен шектелмей, тәжірибеге негізделген ұтымды тәсілдер туралы айтамыз. Тұрғындармен, сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс істеу, өңірдің әл-ауқатын арттыру, аймақтардағы проблемаларды шешу мәселелеріне баса назар аударылады», деді Жандос Қалтаев.
Тасқала аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының мүшесі Жанар Бисенғалиева модульдік оқу жұмысы аудандық деңгейдегі депутаттар үшін пайдалы екенін жеткізді. Оның айтуынша, қатысушылар «Жеке көшбасшылық және құндылық бағдарлары», «Өңірлік дамуды басқару» секілді тақырыптар бойынша білімін толықтырып жатыр.
«Аудандық мәслихат депутаттары ретінде аталған модульдерде біліктілігімізді арттырудамыз. Бұл аудан аумағында, ауылдық округтермен жұмыс істеу барысында қолдануға мүмкіндік беретін маңызды тақырыптар. Оқудың алғашқы күні мазмұнды мағлұматтар алдық», деді Жанар Бисенғалиева.
Модульдік оқу өңірдегі партия активінің саяси менеджмент, көшбасшылық, өңірлік даму және азаматтармен байланыс бағытындағы кәсіби қабілетін күшейтуге бағытталған. Жергілікті деңгейдегі басқарушы кадр үшін мұндай дайындық халықпен тікелей жұмыс істегенде, қоғамдық сұранысты дұрыс түсінгенде және нақты шешім қабылдағанда маңызды рөл атқарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







