Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Мойнақ» ГЭС-інің салынуына ұйытқы болған инженер-энергетик Стахан Белғожаев I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік награданы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Мемлекет басшысы 90 жасқа толған еңбек ардагерінің ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның құрылыс пен энергетика саласындағы ұзақ жылғы қызметін атап өтті.
Стахан Белғожаев еңбек жолын 1962 жылы Шардара су электр стансасының құрылысында бастаған. Содан кейін Қазақстандағы бірқатар ірі стратегиялық нысанның жүзеге асуына тікелей атсалысты. Оның қатысуымен және басшылығымен Қапшағай, Мойнақ, Ақтоғай су электр стансалары, Бестөбе, Бартогай су қоймалары, Үлкен Алматы каналы секілді ел үшін маңызды жобалар іске асырылды.
Аталған нысандар тек құрылыс жобасы ретінде ғана бағаланбайды. Олар өңірлердің энергетикалық қуатын арттыруға, су ресурсын тиімді басқаруға, суармалы егіншілікті дамытуға және экономикалық әлеуетті күшейтуге ықпал етті. Әсіресе Мойнақ су электр стансасының іске қосылуы елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды қадамдардың бірі болды.
Стахан Белғожаев ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында да елеулі еңбек етті. Оның басшылығымен ірі өндіріс кешендері, заманауи жылыжайлар және қайта өңдеу кәсіпорындары салынды. Көпжылдық қызметі мен кәсіби еңбегі ескеріліп, Президент жарлығымен оған жоғары мемлекеттік марапат табысталды.
Ақордадан жолданған құттықтау хатта Стахан Белғожаевтың еңбек ардагері, ел ағасы ретінде жұртшылық құрметіне бөленгені айтылған. Президент оның ұзақ жыл бойы түрлі жауапты қызметті абыроймен атқарып, Жетісу өңірін көркейтуге мол үлес қосқанын атап өтті.
Хатта «Мойнақ» су электр стансасын іске қосуға атсалысуы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға сіңген зор еңбек ретінде бағаланған.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде энергетика мен құрылыс саласын мемлекеттің дамуын айқындайтын стратегиялық бағыт деп атады.
Оның айтуынша, бүгінгі Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық тартымдылығы және өндірістік әлеуеті бір күнде қалыптасқан жоқ. Мұның артында ондаған жылдарға созылған жүйелі жұмыс, өндірістік мәдениет және аға буынның қажырлы еңбегі жатыр.
Әкім өткен ғасырда қолға алынған Қапшағай мен Мойнақ су электр стансаларының құрылысы тұтас елдің экономикалық мүмкіндігін арттырған жобалар екенін айтты. Осындай ірі іске үлес қосқан азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануы қажет екенін жеткізді.
Өндіріс мәдениетін қалыптастырған тұлға
Марат Сұлтанғазиев Стахан Белғожаевты өмірін Қазақстанның құрылыс және гидроэнергетика саласын дамытуға арнаған көрнекті инженер, білікті ұйымдастырушы және тәжірибелі басшы ретінде сипаттады. Оның еңбек жолы кәсібіне адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және елге қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.
Облыс әкімі табысталған марапат бір азаматтың ғана емес, тұтас еңбек буынының маңдай теріне берілген құрмет екенін айтты. Себебі елдегі ірі инфрақұрылым, энергетикалық нысандар мен су шаруашылығы жүйелері сол кезеңде еңбек еткен инженерлердің, құрылысшылардың және өндіріс мамандарының табандылығы арқылы қалыптасты.
Салтанатты шара барысында Стахан Белғожаевтың замандастары, достары мен шәкірттері естелік айтып, ізгі тілегін арнады. Марапат иесі өз кезегінде құттықтаған жандарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Стахан Белғожаевтың ғұмыр жолы ел дамуына арналған қажырлы еңбектің көрінісі ретінде бағаланып отыр. Құрылыс пен энергетикадағы мұндай тұлғалардың тәжірибесі жас ұрпаққа кәсіби адалдықтың, жауапкершіліктің және мемлекетке қызмет етудің нақты үлгісі болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







