Жетісу облысының Ескелді ауданында балық шаруашылығы кешенінің құрылысы жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаға жеке инвестор 1 млрд теңгеге жуық қаражат салып отыр. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аталған нысанның құрылысымен танысты. Жаңа шаруашылық өңірде балық өсіру ісін өндірістік деңгейге көтеруге бағытталған.
Шаруашылық директоры Руслан Сафаргалиев өңір басшысына жобаның іске асу барысын баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорын балықтың бағалы түрін жасанды жолмен өсіреді. Мұнда толық өндірістік-инкубациялық цикл жолға қойылады. Яғни уылдырықтан немесе шабақтан бастап, дайын тауар түріндегі балыққа дейінгі барлық процесс бір кешен ішінде жүргізіледі.
Нысанның құрылысы өткен жылы басталған. Жоспар бойынша кешен биыл күзде толық аяқталуы тиіс. Инвестор уылдырықты арнайы Польшадан әкелген. Қазір шаруашылықта бір ғимарат салынып, іске қосылды. Онда тұрақты температура сақталып, ханбалық уылдырығынан шабақ өсіріліп жатыр.

Руслан Сафаргалиевтің айтуынша, қазіргі кезде шаруашылықта 1 млн 200 мың дана шабақ бар. Күзге қарай олар тауарлы салмақ жинап үлгереді деп күтілуде. Алдағы уақытта қосымша ғимараттар салынып, тұқы және бекіре тұқымдас балық өсіру жұмысы басталады.
Кәсіпорын тек балық өсірумен шектелмейді. Кейін дайын өнімді консервілеу және қақтау бағыты да қолға алынбақ. Осылайша шаруашылық шикізат күйіндегі өнімді ғана емес, өңделген дайын тауар шығаруға да бейімделеді. Мұндай тәсіл өнімнің қосылған құнын арттырып, жергілікті нарыққа сапалы балық өнімін ұсынуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында балыққа арналған 93 бассейн салынады. Сонымен қатар 63 сотық аумақта тоған жасалады. Кешен толық қуатына шыққан кезде жылына 80 тоннадан 1 мың тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланып отыр. Дайын балық алдымен Жетісу облысының ішкі нарығына шығарылады, кейін Қазақстанның басқа өңіріне жеткізу көзделген.
Ихтиолог мамандығына қызығушылық артты
Қазір шаруашылыққа 12 адам жұмысқа қабылданған. Олардың арасында 3 ихтиолог және 2 технолог бар. Нысан толық іске қосылған соң жұмыс орны 30 адамға дейін көбейеді. Мамандандырылған кадр дайындау мәселесіне де мән беріліп отыр.

Шаруашылықта жұмыс істеп жүрген маманның бірі Диас Русланұлы балық өсіру саласында еңбек ету үшін арнайы ихтиолог мамандығын меңгерген. Оның айтуынша, қазір қызметкерлер судың тазалығын, температурасын және оттегі мөлшерін тұрақты бақылайды. Сонымен қатар балықтың азықтық коэффициенті есептеліп, күнделікті жем беру тәртібі қадағаланады.
Жетісу облысында қазір 20-дан астам балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Өткен жылы олар жалпы 700 тоннадан астам өнім өндірген. Ескелді ауданындағы жаңа кешен іске қосылғаннан кейін өңірдің балық шаруашылығындағы әлеуеті артып, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту мүмкіндігі кеңейеді.
Балық шаруашылығы Жетісу үшін ауыл шаруашылығының перспективалы бағытына айналып келеді. Су ресурсын тиімді пайдалану, инкубациялық өндірісті дамыту және дайын өнім шығару өңір экономикасына қосымша серпін береді. Ал жаңа кешен жеке инвестиция, технология және мамандандырылған еңбек күшін бір арнаға тоғыстыратын өндірістік жоба ретінде маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







