Түркия Армениямен тікелей сауда жүргізуге қатысты бірқатар рәсімдік шектеуді алып тастады. Анкара енді екіжақты жүк тасымалында Арменияны соңғы жеткізу нүктесі және тауардың шыққан елі ретінде көрсетуге ресми түрде рұқсат берді. Ереванда бұл шешім тікелей сауда байланысына жасалған қадам ретінде қабылданып отыр. Алайда Армения мен Түркия арасындағы құрлық шекарасы әзірге ашылған жоқ. Жүк бұрынғыдай Грузия аумағы арқылы тасымалданады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Арменияның Түркиямен келіссөздер жөніндегі арнайы өкілі, парламент вице-спикері Рубен Рубинян 13 мамырда саудадағы процедуралық кедергілер алынғанын айтып, мұны бизнес үшін жақсы жаңалық деп атады. Оның сөзінше, енді тауарды үшінші елде қайта рәсімдеудің қажеті болмайды. Кедендік тұрғыдан сауда тікелей сипат алады.
Бұған дейін түрік заңнамасы Арменияны тауардың соңғы бағыты ретінде көрсетуге мүмкіндік бермеген. Армения премьер-министрі Никол Пашинянның түсіндіруінше, Түркиядан шыққан тауар алдымен құжат жүзінде үшінші елге экспортталатын. Кейін сол елде қайта рәсімделіп, Арменияға жеткізілетін. Енді кедендік декларацияда армян алушысын тікелей көрсетуге болады.
Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян бұрынғы схема бизнеске қосымша шығын әкелгенін айтты. Грузия арқылы транзиттік кеден рәсімі тауар бағасына да әсер еткен. Оның айтуынша, жаңа тәртіп бағаны төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Дегенмен физикалық шекара жабық күйінде қалып отыр, ал тасымал әлі де Грузия арқылы жүргізіледі.
Арменияның мемлекеттік кірістер комитеті мен экономика министрлігі жаңа форматқа бюрократиялық дайындық аяқталғанын мәлімдеді. Түркия СІМ өкілі Онджу Кечели де тікелей сауданың іске қосылуын 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сенім шараларының нәтижесі ретінде сипаттады.
Кедендегі бетбұрыс
Сарапшылар бұл қадамды тек экономикалық шешім деп қарауға асықпау керек дейді. Армян саясаттанушысы, «Армян кеңесі» талдау орталығының төрағасы Арег Кочинянның пікірінше, Анкара өз әрекетін тағы да Бакумен үйлестіріп отыр. Бұған дейін Әзербайжан да Армениямен «тікелей» сауда құжатын заңдастырып, бірақ нақты логистиканы үшінші ел арқылы қалдырған еді.
Кочинян Түркияның Армения бағытындағы саясаты автономды емес, армян-әзербайжан бейбіт келіссөзімен тығыз байланысты деп есептейді. Оның айтуынша, Анкара Бакуден бұрын алға шығып кетпейді. Сондықтан қазіргі өзгеріс саяси серпіліс емес, құжаттық рәсімді жеңілдету ғана болуы мүмкін.
Армения мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас жоқ, шекара 1993 жылдан бері жабық. Анкара шекараны бірінші Қарабақ соғысы кезінде Әзербайжанмен ынтымақтастық белгісі ретінде жапқан. Екі елдің қарым-қатынасына 1915 жылғы Осман империясындағы қайғылы оқиғалар да ауыр көлеңке түсіріп келеді. Армения мен бірқатар ел оны геноцид деп таныса, Түркия мұндай анықтаманы үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Соған қарамастан екі ел арасында жанама сауда тоқтаған емес. Армения статистика комитетінің мәліметінше, 2024 жылы Түркиядан Арменияға импорт 336 млн долларды құрады. Ал Арменияның Түркияға экспорты өте төмен деңгейде қалып, бар-жоғы 0,4 млн доллар болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,4 млн доллар болған.
Арменияда Түркия нарығын Ресейге тәуелділікті азайтатын балама ретінде қарастыратындар бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тұрғысынан 90 млн халқы бар түрік нарығы қызығушылық тудырады. Алайда экономистер мұндай үмітке сақ қарау керек екенін айтады.
«Амберд» зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Анна Пахлянның пікірінше, Арменияның экспорт құрылымында Түркия өзі өндіре алмайтын немесе алмастыра алмайтын аса бәсекелі тауар көп емес. Екі елдің климаттық жағдайы ұқсас болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі де көп жағдайда қабысады.
Армения мен Түркия арасындағы жаңа есеп
Пахлян тағы бір маңызды тәуекелді атады. Армения Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде Түркия Ереванға қатысты ұйым ережелерін қолданудан бас тартатынын білдіретін ресми ескерту жасаған. Осыған байланысты Анкара кез келген уақытта армян тауарларына сауда кедергісін немесе кедендік баж салығын еркін енгізуі мүмкін.
Экономистің бағалауынша, ең оптимистік сценарийдің өзінде Арменияны Түркиямен саудада «грузин моделі» күтуі ықтимал. Яғни тауар айналымының шамамен 90 пайызы түрік импортына, 10 пайызы ғана армян экспортына тиесілі болуы мүмкін. Бұған дейін Түркияның армян тауарларына қызығушылығы көбіне өңделмеген тері мен аяқ киім өндірісіне қажет шикізатпен шектелген.
Армения мен Түркия қатынасын қалыпқа келтіру процесі 2021 жылдың соңында қайта басталды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тікелей жүк әуе тасымалы іске қосылды. Бірақ үшінші ел азаматтары мен дипломатиялық паспорт иелері үшін құрлық шекарасын ашу туралы келісім әлі қағаз жүзінде қалып отыр. Гюмри-Карс теміржолын іске қосу мәселесі де талқыланып келеді. Мамыр айының басында Ани тарихи көпірін жөндеу туралы хаттамаға қол қойылды, бірақ нақты жұмыс мерзімі белгісіз.
Армян саясаттанушысы, Пашинянның бұрынғы бас кеңесшісі Арсен Харатян қазіргі шешімді шекара ашылуының нақты белгісі деп есептемейді. Оның ойынша, Анкара сыртқы ойыншыларға процесс жүріп жатқанын көрсетуге тырысып отыр. Яғни бұл көбірек тактикалық дипломатиялық ишараға ұқсайды.
Сондықтан Түркияның жаңа шешімі Ереван үшін белгілі бір жеңілдік бергенімен, үлкен саяси бұрылысқа әлі айналған жоқ. Құжаттағы сауда түзелді, бірақ жол әлі ашылған жоқ. Ал армян-түрік шекарасының тағдыры Анкара мен Ереваннан бөлек, Баку факторы мен аймақтық бейбіт келіссөздердің барысына да тәуелді болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







