Қытай мен АҚШ арасындағы бәсеке енді тек зауыт, экспорт және тариф деңгейінде ғана жүріп жатқан жоқ. Сарапшылардың пікірінше, негізгі майдан біртіндеп интеллектуалдық ресурс, жасанды интеллект, ғылыми мектеп және адам капиталы төңірегіне ауысып барады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қытай тарихында мұндай бетбұрыстың салмағы бөлек. Мао Цзэдун тұсындағы «Үлкен секіріс» саясаты күткен нәтиже бермеді. Одан кейін мәдени революция басталып, ғылым, білім, басқару және интеллектуалдық орта ауыр соққы алды.
Көптеген ғалым, оқытушы, маман қуғын көрді. Кейін Қытай дәл сол шығынның орнын толтыру үшін мүлде басқа жолға түсті. Студенттерін Батыс университеттеріне жіберді, ғылыми мектепті қайта құруға кірісті, технология мен өндірісті бір-бірімен байланыстыра бастады.
Си Цзиньпиннің өзі де мәдени революцияның зардабын көрген буын өкілі. Сондықтан сарапшылар Қытай басшылығы Мао дәуіріндегі қатқыл тәжірибені толық қайталауға мүдделі емес деп есептейді. Қазіргі Қытайдың сақтығы да осы тарихи жадпен байланысты болуы мүмкін.
Бейжің саяси бақылауды күшейткенімен, ғылым мен технологиялық дамудың маңызын жақсы түсінеді. Себебі қазіргі әлемде ұлттың байлығы тек жер қойнауындағы ресурс немесе алып зауыттармен өлшенбейді. Негізгі байлық – интеллектуалдық ресурс, білімді адам, инженерлік мектеп, зертхана, алгоритм және жаңа идея.
Қытай әлемнің ақылды кадрын өзіне тарта бастады
Сарапшының айтуынша, Қытай осы бағытта АҚШ-ты жай ғана қуып жетіп отырған жоқ, кейбір тұста оны интеллектуалдық тұрғыдан «жеп» барады. Мұндай пікір бір қарағанда тосын естіледі. Бірақ әлемдік ғылым мен технология статистикасына қарағанда, Қытайдың патент саны, ғылыми жарияланым көлемі, инженерлік кадр қоры және зерттеу инфрақұрылымы қатты өскені байқалады. Бұрын Қытай көбіне арзан жұмыс күші мен өндіріс алаңы ретінде қабылданса, қазір ол ғылым мен технология өндіретін орталыққа айналып келеді.
Осы жерде АҚШ-тағы жағдай да маңызды. Дональд Трамп бастаған саяси өзгерістерден кейін америкалық ғылыми ортада белгісіздік күшейгені айтылады. Ғалымдар, инженерлер, жоғары білікті мамандар үшін АҚШ бұрынғыдай тұрақты әрі жайлы орта болмай барады деген пікір бар.
Соның салдарынан интеллектуалдық миграция күшейіп жатыр. Негізгі ағын Қытайға емес, Ирландия секілді елдерге көбірек бағытталғаны айтылғанымен, Бейжің де осы мүмкіндікті пайдалануға тырысуда. Қытай шетелдегі талантты мамандарды өзіне тарту үшін арнайы жағдай жасап, ғылыми орталықтар мен технологиялық компанияларға жаңа кадр әкелуге күш салып отыр.
Мұндай саясаттың астарында қарапайым есеп жатыр. Егер ХХ ғасырда мемлекет қуаты мұнай, газ, көмір, болат және ауыр өнеркәсіппен өлшенсе, ХХІ ғасырда артықшылықты адам капиталы береді.
Жасанды интеллект, кванттық технология, биотехнология, чип өндірісі, әскери электроника және бағдарламалық шешімдер бәрінен бұрын сапалы маманға тәуелді. Қытай осыны түсініп, университет, зертхана, өндіріс және мемлекеттік жоспарлау жүйесін бір арнаға тоғыстыруға тырысып келеді.
Қазіргі бәсеке кей жағынан АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы ғарыш жарысын еске салады. Ол кезде спутник, Гагарин, Айға ұшу, Армстронг және зымыран технологиясы екі жүйенің интеллектуалдық қуатын өлшейтін символ болды.
Жасанды интеллект жарысы
Қазір сондай символдық алаңды жасанды интеллект басып келеді. Енді әлемге Фишер мен Спасскийдің шахмат тақтасындағы айқасы немесе Гагарин мен Армстронгтың ғарыштағы бәсекесі емес, алгоритм жасайтын инженерлер, нейрожелі дамытатын зерттеушілер, дерек инфрақұрылымын басқаратын компаниялар керек.
Сарапшылар Қытайдың АҚШ-тағы стартаптарды, инженерлерді және ғылыми кадрларды өз жағына тартуға әрекет жасап жатқанын айтады. Әрине, мұндай процесс бір күнде нәтиже бермейді. Бірақ Қытай жүйелі түрде қолайлы жағдай ұсынса, жоғары жалақы, зерттеу гранты, өндірістік база, мемлекеттік тапсырыс және мансаптық мүмкіндік берсе, әлемдегі таланттың бір бөлігі Бейжіңге қарай бұрылуы мүмкін.
Бағдарламалық индустрия тұрғысынан тағы бір қызық фактор бар. Ресейден соңғы жылдары көптеген бағдарламашы, инженер және IT маман кетті. Олардың бір бөлігі түрлі елге тарады. Үндістан да әлемдегі ең қуатты бағдарламалық мектептердің біріне ие.
Егер Қытай өз инженерлік және өндірістік базасын Ресейден кеткен мамандармен, Үндістанның бағдарламалық әлеуетімен және шетелден тартылған кадрлармен ұштастыра алса, АҚШ-пен шындап бәсекелесе алатын жаңа интеллектуалдық орталық қалыптастыруы ықтимал.
Вашингтон мұндай мүмкіндікті ресми деңгейде төмендетіп көрсетуі мүмкін. АҚШ әлі де әлемдегі ең ірі технологиялық экожүйеге ие. Кремний алқабы, венчурлық капитал, жетекші университеттер, NVIDIA, Apple, Microsoft, Google, OpenAI секілді компаниялар Американың артықшылығын сақтап тұр.
Бірақ Қытайдың ұзақ мерзімді ойыны да әлсіз емес. Ол бір ғана стартапқа емес, тұтас жүйеге сүйенеді: мемлекет, университет, өндіріс, қаржы, ішкі нарық және экспорттық инфрақұрылым бірге жұмыс істейді.
Сондықтан Қытай мен АҚШ арасындағы жаңа бәсекені тек сауда соғысы немесе тариф тартысы деп түсіндіру жеткіліксіз. Негізгі сұрақ әлдеқайда тереңде жатыр.
Кім әлемнің ең мықты инженерін өзіне тарта алады? Кім жасанды интеллект стандартын орнатады? Кім патент пен ғылыми жаңалықты өндіріске тез енгізеді? Кім адам капиталын ұлттық күшке айналдырады?
Қытай осы сұрақтарға өз жауабын дайындап жатыр. Си Цзиньпиннің сақтығы Мао дәуіріндегі қателіктерді қайталамау ниетінен туған болуы мүмкін. Бірақ сақтық Қытайдың тоқтап қалғанын білдірмейді. Керісінше, Бейжің енді бұрынғыдай тек фабрика емес, әлемдік интеллектуалдық орталық болуға ұмтылып отыр.
Ал АҚШ үшін ең үлкен қауіп Қытайдың арзан тауарында ғана емес, оның ақылды кадр мен технологиялық идеяны өзіне тарта бастауында жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







