Алматы халықаралық әуежайының жаңаруы соңғы жылдағы ең ірі жобалардың бірі. Жақын бес жылда әуе айлағының ұшу-қону жолағы жаңарып, жаңа жүк алаңы, қонақүй және көпқабатты автотұрақ салынады. Бұл мақсатқа жалпы 360 миллион доллар қарастырылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматыға ат басын бұрған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев әуежай басшылығымен кездесіп, құрылыс жұмысымен танысты. TAV Airports Holding-ның Алматы әуежайын дамытуға арналған бес жылдық бас жоспары бекітілгенін айтты. Жоба аясында терминалдар толықтай қайта салынып, әуе кемелерін мұз қатуға қарсы өңдейтін арнайы алаң да салынбақ.
Бұған дейін әуежайға салынған инвестицияның жалпы көлемі 93 миллиард теңгеге жетіп, халықаралық терминалдың аумағы 56 мың шаршы метрге дейін ұлғайған-тын. Қазір әуежай жылына 14 миллион жолаушы қабылдай алады.
Дегенмен, құрылыс қарқыны бірінші вице-премьердің көңілінен шықпады. Айтуынша, Алматы әуежайының қазіргі жағдайы қала келбетіне де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырып отыр.
«Алматы еліміздегі туристер көп келетін әдемі қалалардың бірі. Бірақ әуежай аумағындағы жұмыстар өте баяу жүріп жатыр. Құрылыстың ұзаққа созылуы қала тұрғындары мен туристердің орынды сынына себеп болды. Әсіресе жақында халықаралық терминалды су басқан жағдай біздің абыройымызға сын. Туристер мен жолаушыларды қарсы алатын ең басты нысанның сиқы осындай болғаны ұят. Сондықтан 1 шілдеге дейін барлық кемшілікті жойып, жұмысты тездету керек. Қажет болса, он-жиырма мердігер тартыңдар. Бірде-бір ақау қалмауы тиіс», – деп қатаң тапсырма берді Налибаев.
Одан бөлек…
Нұрлыбек Нәлібаев Алматы-1 теміржол вокзалындағы жағдайға да тоқталды. Былтыр наурыздан бері жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған вокзалдың жағдайы жолаушыларды әбден шаршатқан.
«Жазғы уақытта вокзалдан тәулігіне 12 мың, қыста 7 мың жолаушы өтеді. Бірақ жолаушылар жыл бойы жөндеудің салдарынан қиналып жүр. Мұндай маңызды нысандағы жұмыстың жылдап созылуы еш сын көтермейді. «Қазақстан темір жолы» басшылығына жөндеуді шұғыл аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі күн сайын қатаң бақылауға алып, жұмыстың уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді бірінші вице-премьер.
Сондай-ақ, Нәлібаев Үлкен Алматы айналма жолына (ҮААЖ) қатысты жер телімдерін сатып алу мәселесінің тым баяу жүріп жатқанын сынға алды. Мысалы, Сабатаев көшесінің бойында барлығы 410 жер учаскесі сатып алынуы керек болса, соның тек 118-і ғана рәсімделген.
Шаруа шаш-етектен
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев Алматыдағы жылу-энергетикалық орталықтарды да аралады. Қазіргі уақытта қаладағы №2 және №3 ЖЭО-да газға көшу жұмыстары жүріп жатыр. Вице-премьер бұларды да кешеуілдетпей, президенттің тапсырмасына сәйкес уақытылы бітіру қажеттігін ескертті.
«Мүмкіндік болса, барлық жұмыстарды биыл аяқтаңыздар. Қосымша білікті мамандарды тартып, қажет болса Атыраудан, Ақтаудан, Павлодардан тәжірибелі компанияларды шақырыңыздар», – деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, бірінші вице-премьер Алматы индустриалды аймағындағы автокөлік зауытымен танысты. Қазіргі уақытта 1900 адам жұмыс істейтін мультибренд зауытының өндірістік қуаты жылына 120 мың автокөлікке дейін жетуі мүмкін. Налибаев үкімет мұндай маңызды жобаларға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Алматы тау кластерінің инфрақұрылымы мен жол құрылысы 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Бірінші вице-премьер бұл жобада да қарқынды төмендетпей, барлық жоспарланған іс-шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын тапсырды.
Айта кетелік, бұған дейін Ertenmedia-ның тұрақты сарапшысы Айбар Олжай Қызылорданың экс-әкіміне оң баға беріп, Нәлібаевты басты ерекшелігін айтқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







