Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін суасты интернет-кабельдерін жаңа геосаяси қысым құралы ретінде қарастырып жатқаны хабарланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Иранға жақын ақпарат құралдары Тегеранға Ормуз бұғазы арқылы өтетін суасты интернет-кабельдері үшін ірі технологиялық және телекоммуникациялық компаниялардан төлем алуды ұсынған.
Әңгіме Meta, Google, Amazon, Microsoft секілді әлемдік компанияларға қатысты болуы мүмкін. Бұл бастама Иранның бұғазды тек мұнай тасымалы емес, цифрлық инфрақұрылым тұрғысынан да ықпал аймағы ретінде қарастыра бастағанын көрсетеді.
Ормуз бұғазы көп жылдан бері әлемдік энергетикадағы ең сезімтал нүктенің бірі саналады. Енді осы тар су жолының цифрлық маңызы да алға шығып отыр. Аймақ арқылы Еуропа, Азия және Парсы шығанағын байланыстыратын суасты кабельдері өтеді.
Олар интернет-трафик, бұлттық сервистер, қаржылық дерек, банктік транзакция және халықаралық байланыс жүйесі үшін маңызды арнаға айналған. Reuters дерегінше, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік кеңжолақты интернет ағынының шамамен 17 пайызы өтеді.
Сарапшылар мұндай идея іске асса, Ормуз бұғазының мәртебесі өзгеруі мүмкін екенін айтады. Бұған дейін ол ең алдымен мұнай танкерлері өтетін энергетикалық тар өткел ретінде қаралып келді. Ал суасты кабельдеріне төлем енгізу немесе реттеуші бақылау орнату әрекеті бұғазды цифрлық қысым орталығына айналдыруы ықтимал.
Мұндай жағдайда дағдарыс тек мұнай бағасына емес, интернет тұрақтылығына, бұлттық қызметтерге, қаржы нарығына және киберқауіпсіздікке де әсер етеді.
Дегенмен бұл жоспардың іске асуы күмәнді. The Guardian сарапшыларға сүйене отырып, кабельдердің басым бөлігі Иранның нақты аумақтық юрисдикциясынан өтпейтінін және Тегеранның оларға тікелей ақы енгізуі заңдық тұрғыдан өте күрделі екенін жазды.
Интернет-кабель әлемдік геосаясаттың жаңа нысан
Мамандар Иранның Мысыр секілді кабельдер өтетін құрлықтық инфрақұрылым арқылы табыс табатын елдермен салыстырғанда мұндай механизмге қажет құқықтық және техникалық мүмкіндігі шектеулі екенін айтады.
Иран үшін мұндай идеяның пайда болуы кездейсоқ емес. Санкция, аймақтық шиеленіс, АҚШ және Израильмен текетірес жағдайында Тегеран өз ықпалын күшейтетін балама экономикалық және геосаяси құрал іздеп отыр.
Ормуз бұғазын жабу немесе мұнай тасымалына қауіп төндіру бұрыннан қолданылатын қысым тетігі болса, енді цифрлық инфрақұрылым да осы есептің ішіне кіре бастағандай.
Бірақ суасты кабельдеріне тікелей зиян келтіру өте қауіпті сценарий саналады. Сарапшылар мұндай әрекет аймақтағы интернет байланысын бұзуы мүмкін екенін, бірақ жаһандық интернетті толық тоқтата алмайтынын айтады. Сонымен бірге кабельдерге шабуыл жөндеу кемелерінің аймаққа кіруін қиындатып, ақауды қалпына келтіру мерзімін ұзартуы ықтимал.
Осы тәуекелдер балама бағыттарға қызығушылықты арттырып жатыр. Израильдің Bezeq Telecom компаниясы Еуропа мен Азияны байланыстыратын жаңа суасты интернет-кабелін тарту жобасын бастағанын хабарлады. Компания бұл бағыт Ормуз бұғазына тәуелділікті азайтуға көмектесетінін айтады.
Ормуздағы кабель дауы қазіргі әлемде стратегиялық инфрақұрылым ұғымының өзгергенін көрсетеді. Бұрын мұнай құбыры, порт, теңіз жолы және әскери база негізгі қысым құралы саналса, қазір интернет-кабель, дата-орталық, бұлттық сервис және цифрлық транзит те геосаяси ойынның бір бөлігіне айналды.
Иранның ықтимал жоспары жүзеге аса ма, жоқ па – бөлек мәселе. Бірақ осы талқылаудың өзі цифрлық дәуірде теңіз астындағы кабельдер де үлкен саясаттың нысанасына айналғанын аңғартады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған әскери соққыны уақытша кейінге шегергенін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







