Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңір саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір еліміздегі жылыжайлардың 72 пайызы осы облыс аумағында орналасқан. Өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Соның ішінде 62,5 гектарды қамтитын 17 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 944,2 гектар аумақта орналасқан фермерлік жылыжайлар бар.
Өткен жылы Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өндірілді. Осы өнімдер маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніске деген қажеттілігінің 45 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Демек, өңір жылыжайлары елдің азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінде ерекше орын алады.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау үшін 2023 жылдан бастап электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау шаралары жүргізіліп келеді. Өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 млн теңге көлемінде субсидия төленеді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыш құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие беру тетіктері де іске асырылып жатыр.
Алайда отандық жылыжай шаруашылықтары қазір сыртқы бәсекенің қатты қысымын сезініп отыр. Өзбекстан, Түрікменстан және Иранда көкөніс өндіру құны төмен. Оның үстіне аталған елдерде мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен қолданылады. Соның салдарынан Қазақстанның ішкі нарығында баға бәсекесі күшейіп, отандық шаруалар импорттық өніммен тең дәрежеде бәсекелесе алмай отыр.
Өндіріс шығыны жоғары болғандықтан, бірқатар жылыжай қызанақ өнімін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр. Мұндай жағдай кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етеді. Егер мәселе дер кезінде шешілмесе, өндіріс көлемі қысқарып, инвестициялық белсенділік төмендеп, жұмыс орындары азаюы мүмкін.
Түркістан облысының жылыжайлары ішкі нарықты сапалы отандық көкөніспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңірдегі шаруалар маусымаралық кезеңде халық сұранысын өтеуге қауқарлы. Бірақ сол әлеуетті сақтау үшін ішкі нарықтағы әділ бәсеке мен мемлекеттік қолдау қатар жүруі қажет.
Көкөніс қауіпсіздігі:
Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен өңірдегі шаруа қожалықтары өз тарапынан әлеуметтік жауапкершілік алып, арнайы меморандумға қол қойды. Құжат аясында олар сәуір-мамыр айларында ел халқының көкөніске деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, бағаны халық үшін қолжетімді деңгейде ұстауға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге міндеттеме алды.
Сонымен қатар отандық өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін білдірді. Яғни шаруалар мемлекеттен тек қолдау сұрап отырған жоқ, ішкі нарық алдындағы жауапкершілікті де мойнына алып отыр.
Осыған байланысты отандық тауар өндірушілерді қолдау, баға тұрақтылығын сақтау және жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Үкіметке бірқатар маусымдық шара қарастыру ұсынылды. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден, соның ішінде Өзбекстан, Иран және Түрікменстаннан импортталатын көкөніс өнімдеріне кедендік баж салығын арттыру мәселесі көтеріліп отыр.
Сонымен бірге маусымаралық кезеңде көкөніс импортына сандық шектеу, яғни квота енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мұндай қадам ішкі нарықты толық жабу емес, отандық өндірушіге ең қиын маусымда демеу беру, өндірісті сақтап қалу және бағаны тұрақты ұстау үшін қажет.
Ұсынылған шаралар қабылданса, Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылықтарының өндірістік әлеуетін сақтауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін қорғауға мүмкіндік береді. Жылыжай саласы тек бизнес емес, халықтың дастарқанына тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







