Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар күре жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Орал–Атырау» тасжолының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық болса, оның 303 шақырымы БҚО аумағынан өтеді. Биыл өңірде осы бағыттағы жолды орташа жөндеу бойынша 3 жоба іске асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй бастаған құзырлы құрылым өкілдері мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданов мердігер ұйымдармен кездесіп, құрылыс барысын тексерді.
«Атырау–Орал» автожолының 189–249 шақырым аралығын «Айдана» ЖШС жөндеп жатыр. Жоба құны 8,5 млрд теңгеге жуық. Мұнда 20 шақырым жол ресайклинг әдісімен ретке келтіріледі. Кейін 60 шақырым жолдың төменгі қабатына ірі түйіршікті, жоғарғы қабатына ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселеді. Учаскеде 4 аялдама павильоны орнатылады.
Осы бағыттағы 372–432 шақырым және 432–492 шақырым аралығындағы екі жобаны «ДСК Приоритет» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл учаскелерде ескі жолдың 29 шақырымы ресайклинг әдісімен қайта өңделеді. 120 шақырым жолға ірі және ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселеді. Сонымен қатар 18 аялдама павильоны салынады.

Биыл «Чапаев–Жалпақтал–Казталовка–РФ шекарасы» автожолының 0–17 шақырым бөлігі де жөнделіп жатыр. Құны 2,7 млрд теңге болатын жобаны «ТОБИ» ЖШС атқарады. Мұнда 16,5 шақырым жол ресайклинг әдісімен өңделеді. Учаскеге ірі түйіршікті және беріктігі жоғары арнайы асфальтбетон төселіп, 1 автоматты өлшеу жүйесі орнатылады.
«ТОБИ» компаниясы «Ақтөбе–Орал–РФ шекарасы» автожолының 369–408 шақырым аралығын да жөндеуде. Бұл жерде 26 шақырым жол ресайклинг әдісімен қайта өңделеді. 39 шақырымға беріктігі жоғары асфальтбетон төселіп, Шідерті мен Өлеңті өзендеріндегі көпірлердің деформациялық жіктері ауыстырылады. Сондай-ақ 4 аялдама павильоны орнатылады.
Жалпы аталған 5 жоба аясында БҚО аумағында 236 шақырым республикалық маңызы бар жол орташа жөндеуден өтеді. Барлық нысанда жол қауіпсіздігін күшейту, белгілерді жаңарту, заманауи аялдамалар салу және жол жиектерін нығайту шаралары қарастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Өңір үшін бұл жобалар жол қатынасын жақсартып қана қоймай, ауылдар арасындағы байланысты, жүк тасымалын және шекаралық бағыттағы логистиканы күшейтуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







