Орал қаласында Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының камералық залында ақын, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабақызының шығармашылығына арналған ән-жыр кеші өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Алтай менен Ақжайықтың арасы» деп аталған рухани кешке жыр сүйер қауым көп жиналды. Кеш атауының өзі алыстағы Алтай мен қасиетті Ақжайық арасын жалғаған сағыныштың, өнердің және рухани сабақтастықтың белгісіндей әсер қалдырды.
Әдеби-сазды кеш ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестерін танытатын арнайы бейнебаянмен ашылды. Экраннан өрілген сырлы сәттер көрерменді Ақсұңқар әлеміне жетелесе, сахна төрінде оқылған лирикалық өлеңдер көпшілік көңілін тербетті. Сонымен қатар ақынның өз сөзіне жазылған әндер орындалып, кештің мазмұнын аша түсті.
Шара барысында филармония өнерпаздары Кенесары Болғанбаев пен Тұрлыхан Абуханов, сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері өнер көрсетті. Жастардың ақын шығармашылығына ықылас танытуы ұлттық өнерге деген құрметтің әдемі көрінісі болды.
Ақсұңқар Ақынбабақызы – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына өзіндік үн, сыршыл өрнек әкелген қаламгердің бірі. Оның жырларынан туған жерге сағыныш, ұлттық рух, адам жанының нәзік иірімдері сезіледі.
Алтайдың асқақ табиғатынан нәр алған ақын шығармалары оқырманды терең сезімге бөлеп, ойға жетелейді. Сонымен бірге ол Алтай қазақтарының дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді.

Ақынның «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» атты жыр жинақтары әдеби ортада жоғары бағаланып, оқырман жүрегінен орын алды. Шығармашылық еңбегі үшін ол «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және аударма саласындағы «Алтын көпір» халықаралық байқауының лауреаты атанды.
Ақсұңқар Ақынбабақызы 2002 жылы Алматыда алғашқы жеке жыр кешін өткізіп, қазақ поэзиясындағы сыршыл лириканың көркем үні ретінде танылды.
Ұзақ шығармашылық үзілістен кейін 2024 жылдан бастап «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр кешімен сахнаға қайта оралып, еліміздің бірнеше қаласында өнер кештерін өткізді. Алматы, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларынан кейін Ақжайық жұртшылығымен жүздесуі рухани сапардың жалғасына айналды.
Кеш соңында облыстық академиялық филармонияның басшысы, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла Ақсұңқар Ақынбабақызына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. Өнер иесіне алғысхат пен гүл шоқтары табысталып, иығына камзол жабылды.
Алтайдың асқақ жырын арқалаған ақынның үні Ақжайық төрінде қалықтап, көрермен көңілінде сақталар әсерлі кешке айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







