Алматы қаласында қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар мен веложолдар желісі кеңейтіліп, бірқатар көшеде біржақты қозғалыс енгізу қарастырылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, мегаполисте көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазір қалада 26 тасымалдаушы 206 тұрақты қалалық және қала маңындағы бағытқа қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік паркі 3 108 автобустан тұрады, ал маршруттардағы қозғалыс тұрақтылығы 99 пайызға жеткен.
Алматыда 2025 жылдың басынан бері №21, №61, №64, №83, №84, №90, №96 және №130 бағыттары іске қосылды. Осы маршруттарға 105 автобус шығарылған. Сонымен қатар 10 бағытта жылжымалы құрам жаңартылып, 162 жаңа автобус берілді. Тағы 49 бағыт қосымша көлікпен күшейтіліп, автобус саны 489-дан 719-ға дейін артты.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін төлем жүйесі де жаңартылып жатыр. 2025 жылдың желтоқсанында Onay жүйесімен бірлесіп, Kaspi QR арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі енгізілді.
Қаладағы аялдама инфрақұрылымы да дамытылуда. Алматыда 2 261 аялдама пункті бар. Оның 2 089-ы павильонмен жабдықталған. Биыл тағы 200-ден астам жаңа автопавильон орнату жоспарланып отыр.
Жол қауіпсіздігі бағытында да жұмыс жалғасады. 2025 жылы қалада 396 мың шаршы метр жол таңбасы сызылып, 3 558 жол белгісі орнатылды. Биыл кемінде 350 мың шаршы метр жол таңбасын жаңарту және 2 500-ден астам жол белгісін орнату көзделген. Бұл жұмыстарға шамамен 4 млрд теңге бөлінеді.
Алматыда әл-Фараби даңғылы, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелері, Шығыс айналма жолы және Солтүстік айналымда жаңа автобус жолақтарын салу қарастырылып жатыр.
Веложолдар желісі де кеңейеді. 2026 жылы олардың жалпы ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар «Тастақ» базары маңындағы бірқатар көшеде, сондай-ақ Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігі пысықталуда. Әкімдік алдымен пилоттық сызбаларды сынап, нәтиже оң болса, тұрақты енгізбек.
Мамандардың есебінше, мұндай өзгерістер көшелердің өткізу қабілетін 20–25 пайызға арттырып, жол апатын 35 пайызға дейін азайтуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







