Степногорск қаласында 1973 жылы іске қосылған басты жылу магистралі жаңартылатын болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өткен жылыту маусымында ғана қалаға жылу жеткізетін негізгі құбырда 72 апат тіркелген. Жылдар бойы тозған желі толық ауыстырылмай, көбіне апат болған жерді жамап-жасқаумен шектеліп келген. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, «ЖЭО – Қала» жылу желісінің тозу деңгейі 70,3 пайызға жеткен.
Енді мәселе Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында шешілмек. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті хабарлағандай, жылу магистралін қайта құру 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазір құбыр жеткізуге қатысты келісімшарттар ресімделіп, қосалқы мердігерлермен шарт жасалып жатыр. Жуық арада ескі құбырларды демонтаждау жұмысы басталады.
Жөндеудің бірінші кезеңі биыл 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Екінші кезең 2027 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.
Мердігер ұйым – «РемЭнергоМаш» ЖШС. Компания директоры Андрей Тишковтің айтуынша, жөндеу кезінде отандық өндірушілердің материалдары қолданылады. Атап айтқанда, алдын ала оқшауланған болат құбырлар, бұрылыстар, тіректер, тармақтар, арматура, металл бұйымдары және темірбетон өнімдері пайдаланылады. Жалпы 36 түрлі материал қарастырылған.
«Степногорск Теплотранзит» ЖШС директоры Егор Лысенко жұмыстар кестеге сай жүріп жатқанын және биыл 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтты.
Бірінші кезеңде 4,823 шақырым жылу магистралі ауыстырылады. Екінші кезеңде тағы 4,673 шақырым құбыр жаңартылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5,8 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру табиғи монополия субъектісінің қарызы есебінен, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» тарапынан пайыздық мөлшерлемені ішінара субсидиялау арқылы жүзеге асады.
Жоба аяқталғаннан кейін 20 431 абонент сапалы жылумен қамтылады. Олардың қатарында 288 көпқабатты үй, 14 жеке үй және 154 басқа ғимарат бар. Сонымен бірге 25 уақытша және 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жаңғырту нәтижесінде «ЖЭО – Қала» жылу желісі негізгі құбырының тозу деңгейі 20,8 пайызға төмендейді деп күтіледі.
Айта кетейік, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40 пайызға дейін төмендетуге және апат қаупін 20 пайызға қысқартуға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







