Депутат Айдос Сарым желіде желдей есіп тұрған «Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін» деген қауесетке пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжілісмен Дариғаның саясатқа оралу мүмкіндігін толық жоққа шығарып, оған ешқандай негіз жоқ екенін айтты.
«Меніңше, Дариға Нұрсұлтанқызының дәуірі өтті. Ол, ол ма саяси тұрғыда өте-мөте сүйкімсіз тұлғаға айналып кеткен саясаткер. Әрине, ешкім оған қоғамдық не саяси іспен айналысуға, қандай да бір партияға мүше болуға тыйым сала алмайды. Ал партиялар оны өз қатарынан көргісі келе ме, келмей ме, бұл енді басқа мәселе. Сондықтан Дариға вице-президент немесе премьер болады деген әңгімеге мүлде иланбаймын. Ел арасынан «Дариға Нұрсұлтанқызы, келіңіз, бізді құтқарыңыз…» деп айтатын адам табылады деп те ойламаймын. Шынымды айтсам, мұндай жағдайдың орына аларына сену қиын», – деді Айдос Сарым.
Ол экс-президенттің үлкен қызының саясатқа қайта оралу ықтималдығын «есеп-қисапқа шағып, нөлге жуық, жоққа тән» деп бағалады. Тілшілер депутатқа «Дариға Назарбаева «Халық кеңесінің» мүшесі бола ала ма?» деген сауал да қойды.
«Оның оған не қажеті бар? Сіздер оны қазір нашар өмір сүріп жатыр деп ойлайсыздар ма?» – деп жауап берді депутат Айдос Сарым.
Айта кетелік, осының алдында ғана Сарымның әріптесі Абзал Құспан «вице-президент креслосында Дариғаның көлеңкесі көрінбей ме» деген сауалға жауап қатқан-тұғын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







