Мұхтар Байбатшановпен болған сұхбатта білікті маман ауыл шаруашылығы мамандықтарының бүгінгі ахуалын, жас кадр тапшылығын және ауылға бармайтын түлектер мәселесін ашық талдап берді. Ғалым ветеринар, зоотехник, агроном сияқты мамандарды даярлау тек грант бөлу арқылы шешілмейтінін, ауылда нақты жұмыс орны, техника, әлеуметтік жағдай және шаруашылықпен байланыс болуы қажет екенін алға тартты. Ertenmedia.kz тілішісмен болған әңгіме барысында аңшылықтану мен аң шаруашылығы саласындағы қазақ тіліндегі оқулық тапшылығы, ғылыми тіл қалыптастыру және ауылдан келген қазақ тілді жастарға сапалы білім беру мәселесі де кеңінен қозғалады. Сұхбаттың маңызды бөлігі киік санының күрт көбеюі, оны ғылыми негізде реттеу, жайылымға түсетін салмақ, ауру қаупі және шаруалар мүддесін қорғау мәселесіне арнадық. Ғалымның ойынша, табиғатты қорғау мен ауыл шаруашылығы бір-біріне қарсы қоймай, кәсіби есеп, ашық түсіндіру және ғылыми басқару арқылы қатар жүруі керектігін тілге тиек етті.
– Мұхтар Қасенұлы, соңғы кезде ауыл шаруашылығы мамандықтарына шектік балл төмен болғандықтан, грант үшін ғана түсетіндер көбейді деген пікір айтылып жүр. Осыған қалай қарайсыз?
– Бұл әңгімені толық жоққа шығара алмаймын. Ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді деген сөзді қазір кез келген өңірден естуге болады. Мемлекет бұл салаға маман даярлау үшін қыруар қаржы бөліп жатыр. Грант бар, оқу орны бар, диплом алып жатқан жастар бар. Бірақ ауылға барсаңыз, ветеринар жетіспейді, зоотехник тапшы, агроном аз, мал шаруашылығын ғылыми негізде жүргізетін маман сирек. Осы жерде бір қайшылық бар.
Мәселенің бір ұшы мамандық таңдауда жатыр. Кейбір жастар ауыл шаруашылығы саласын жүрек қалауымен емес, грантқа өту мүмкіндігі болған соң таңдайды. «Әйтеуір бір оқуға түсейін» деген оймен келеді. Диплом алғаннан кейін ауылға бармайды, қалада қалып қояды, басқа жұмыс іздейді.
Мұны тек жастың кінәсі деп қарауға болмайды. Себебі ауылдың өзінде жас маманды күтіп отырған шаруашылық көп емес. Барған адамға баспана, лайықты жалақы, еңбек жағдайы, кәсіби өсу мүмкіндігі керек.
– Сонда маман тапшылығының себебі тек оқу орындарында емес қой?
– Әрине, тек оқу орнын кінәлау дұрыс емес. Оқу орны маман дайындайды. Бірақ сол маман қайда барады, оны кім жұмысқа алады, ауылда қандай жағдай жасалады негізгі сұрақ осы. Қазіргі көптеген шаруа қожалығының қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Олар арнайы ветеринар, зоотехник, агроном ұстап отыруға шамасы келмейді. Кей шаруашылық бір маманды бірнеше міндетке жегеді. Мұндай жерде жас маман ұзақ тұрақтамайды.

Ірі шаруашылықтардың жағдайы бөлек. Олар өзіне қажет кадрды ерте іздейді, оқу орындарымен байланыс орнатады, студенттерді өздерінде тәжірибеден өткізеді. Ал ұсақ және орта шаруашылықтарда мұндай мүмкіндік аз. Сондықтан ауыл шаруашылығы маманын даярлау дегенде оқу, өндіріс, шаруашылық және мемлекет арасындағы байланыс бір жүйеге түсуі керек.
Бүгінгі студент ертеңгі маман. Егер шаруашылық студентті тәжірибеден өткізіп, оған нақты жұмыс көрсетсе, ертең сол жас сол жерге баруы мүмкін. Ірі шаруашылықтар мұны түсініп отыр. Олар қажет маманды ерте дайындайды. Ал орта және шағын шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау тетігі керек. Мысалы, жас маманды жұмысқа алған шаруашылыққа белгілі бір жеңілдік немесе субсидия қарастыруға болады. Сонда шаруаның да ынтасы артады, жас маманның да жолы ашылады.
– Ауыл шаруашылығы мамандықтарында қыз балалар көбейіп кетті деген пікір де бар. Бұл құбылысты қалай бағалайсыз?
– Ауыл шаруашылығы мамандығын жынысқа бөліп оқытпайды. Қабілеті, ынтасы, төзімі бар қыз бала да жақсы маман бола алады. Қазір ветеринарияда, зертханаларда, құжаттандыруда, асыл тұқым ісінде, тағам қауіпсіздігі саласында табысты еңбек етіп жүрген қыздар көп. Оны жоққа шығаруға болмайды.
Бірақ соңғы жылдары қыз балалардың бұл мамандықтарға көптеп түсуінің бір себебі грантқа өту мүмкіндігінің жеңілдеу көрінуі. Мамандықтың нақты табиғатын толық түсінбей келетіндер бар. Ветеринария қағаз жүзінде әдемі мамандық сияқты көрінуі мүмкін.
Ал шын өмірде жас маман ауылға барып, қора аралайды, мал қарайды, аурудың алдын алады, екпе салады, төл қабылдайды. Кейде түн ішінде шақыртады. Кейде жаңбырда, боранда, лайда жүреді. Осыны алдын ала түсіну керек.
– Демек, мәселе қыз баланың келуінде емес, мамандықтың шынайы ауырлығын түсінбеуде ғой?
– Дұрыс айтасыз. Мәселе қыз балада немесе ұл балада емес. Мәселе мамандықтың шын болмысын білмеуде. Мал шаруашылығы мен ветеринарияны кабинетте отырып қағаз толтыратын жеңіл жұмыс сияқты қабылдауға болмайды.
Ветеринар түйені де, жылқыны да, сиырды да, қойды да көреді. Қажет болса малды ұстайды, жығады, екпе салады, жарасын қарайды, төлдетеді, ауру тарамасын деп бүтін ауылдың малын тексеріп шығуы мүмкін. Мұндай жерде біліммен бірге қайрат пен төзім керек.

Малдың мінезін білу де маңызды. Ірі қараның қасында жүретін адам қорықпауға тиіс. Жылқының тебуі бар, сиырдың сүзуі бар, түйенің мінезі бар. Қойдың да өз машақаты жетеді. Соны сезінбей келген адам көп ұзамай басқа жол іздейді.
– Неге ауылда өскен ұл балалар бұл салаға аз бара бастады?
– Бұл мәселе мені қатты ойландырады. Бұрын ауыл баласы малдың жайын көріп өсетін. Қораның иісін жатсынбайтын. Қой қайыру, бұзау байлау, жем-шөп беру, төл қарау, малдың ауруын байқау соның бәрін бала кезінен көретін. Қазір ауылдың өзінде де көп бала малдан алыстап барады. Қалаға кеткісі келеді. Ата-ана да «малдың соңында жүрмесін» деп ойлайды.
Сөйтіп, ауыл шаруашылығы мамандығы кейде төмен мәртебелі сала сияқты қабылданып кетеді. Ал шын мәнінде, мал шаруашылығы стратегиялық сала. Қазақтың малы аман болса, ауылы аман. Ауыл аман болса, елдің азық-түлік қауіпсіздігі де мықты болады. Бірақ мал өзінен-өзі көбеймейді, аурудан өзінен-өзі қорғалмайды. Оның артында білімді ветеринар, тәжірибелі зоотехник, асыл тұқыммен жұмыс істейтін маман, жем-шөпті есептейтін инженерлік ой, аурудың алдын алатын кәсіби жүйе тұруы керек.
– Ветеринар мамандығының қоғамдағы беделі төмендеп кеткен жоқ па?
– Өкінішке қарай, солай айтуға негіз бар. Ветеринардың еңбегі көп жағдайда көзге көрінбейді. Ауру шықпаса, жұрт оны байқамайды. Ал ауру шықса, бәрі ветеринарды іздейді. Негізі ең мықты ветеринар аурудың алдын алған маман.
Ол уақытында екпе жасайды, мал қозғалысын бақылайды, қауіптің белгісін ерте көреді, шаруамен сөйлеседі. Бірақ қоғамда осы еңбектің қадірі толық бағалана бермейді. Біз дәрігерді адам өмірін сақтайтын маман деп құрметтейміз. Ветеринар да елдің денсаулығына қызмет етеді. Себебі малдың ауруы — азық-түлік қауіпсіздігіне, адам денсаулығына, экспортқа, ауыл экономикасына әсер етеді.
Бір індет шықса, бүтін шаруашылық шығынға батады. Сондықтан ветеринардың мәртебесін көтеру керек. Жалақысы да, әлеуметтік жағдайы да, кәсіби беделі де лайықты болуы тиіс.
– Ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаған жастарға қандай талап қойылуы керек?
– Ең алдымен, олар бұл салаға кездейсоқ келмеуі керек. Мамандық таңдағанда тек грантқа қарап шешім қабылдау дұрыс емес. «Оқуға түсіп алайын, кейін көрермін» деген ой ауыл шаруашылығына жүрмейді. Бұл сала адамның мінезін тексереді.
Таңертең ерте тұру керек, далада жүру керек, малмен жұмыс істеу керек, шаруамен тіл табысу керек. Кейде демалыс болмай, жоспарлаған ісіңді тастап, шұғыл шақыртуға баруыңа тура келеді. Сондықтан мектептен бастап кәсіби бағдар дұрыс жүргізілуі керек.
– Қазір ауыл шаруашылығы саласына қандай жаңа көзқарас керек?
– Біз ауыл шаруашылығын ескі тәсілмен ғана елестетпеуіміз керек. Қазіргі мал шаруашылығы ғылымға, технологияға, есепке, генетикаға, ветеринариялық қауіпсіздікке сүйенуі тиіс. М
алдың тұқымын жақсарту, өнімділігін арттыру, аурудың алдын алу, жем-шөп балансын есептеу, цифрлық база жүргізу бәрі мамандықты талап етеді. Мал бағу деген тек жайылымға айдап жіберу емес. Ол үлкен жүйе. Жастарға осыны көрсету керек.
Ауыл шаруашылығы болашағы жоқ сала емес. Керісінше, дұрыс қараса, өте маңызды әрі табысты бағыт. Әлемде азық-түлікке сұраныс азаймайды. Ет, сүт, астық, жем-шөп, органикалық өнім бәрі керек. Бірақ сапалы өнім шығару үшін сапалы маман қажет.
– Мұхтар мырза, ауыл шаруашылығы саласында тағы қандай өзекті мәселелер бар. Атай отырсаңыз?
– Меніңше, ең үлкен мәселенің бірі жерді тиімді пайдалана алмау және ұсақ шаруашылықтардың техникалық мүмкіндігінің әлсіздігі. Бізде жер бар. Бірақ жердің бар болуы оның дұрыс пайдаланылып жатыр деп ешкім кесіп айта алмайды. Мысалы, бір адамның 20 гектар жері бар делік. Ол жыл сайын бір ғана дақыл еге берсе немесе жерді ауыспалы егіссіз пайдаланса, топырақтың құнары кетеді. Жер шаршайды. Қарапайым тілмен айтқанда, жер де күтімді қажет етеді.
Жерге де демалыс пен қорек керек. Бір жылы бидай егілсе, келесі жылы басқа дақылмен алмастыру қажет болуы мүмкін. Қай жерге қандай тыңайтқыш керек, қай топыраққа қандай дақыл тиімді, су қалай берілуі тиіс – мұның бәрін ғылым айтуы керек.

Агрономның керегі дәл осы жерде көрінеді. 20 гектар жері бар адам сол жерден жақсы өнім алуы мүмкін, бірақ ол үшін техника, білім, уақытылы жұмыс және дұрыс агротехника қажет. Ал қазіргі ұсақ шаруалардың көбінде трактор, сеялка, комбайны жоқ. Бар техника тозған. Біреуден жалға алады, кезек күтеді, уақыт өткізіп алады.
Ауыл шаруашылығында уақыт өте қымбат. Егінді бір апта кеш ексеңіз, өнімге әсер етеді. Уақытында суармасаңыз, өнім төмендейді. Уақытында жинамасаңыз, шығын көбейеді. Техникаға тәуелді шаруа өз жерінің толық иесі бола алмайды. Жері бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі. Осыны ашық айтуымыз керек.
– Мұндай жағдайда ұсақ шаруаларға қандай жол тиімді?
– Ұсақ шаруалардың жеке-жеке техника сатып алуға шамасы келе бермейді. Сондықтан кооперация керек. Бір ауылда бірнеше шаруа бірігіп, сервистік орталық құрса, ортақ техника алса, соның пайдасы көп. Трактор, сеялка, шөп шабатын техника, комбайн, жер өңдейтін агрегат бір адамның ғана қолында тұрмай, бірнеше шаруашылыққа қызмет етсе, тиімді болады.
Бірақ кооперация қағаз жүзінде емес, шын жұмыс істеуі керек. Бізде кейде кооператив деген атау бар, ал нақты ортақ жұмыс жоқ. Шаруаға керегі қолжетімді техника, уақытында көрсетілетін қызмет, әділ баға, сенімді кесте. Егер ауылда сондай сервистік орталық болса, 20 гектары бар адамның да еңсесі көтеріледі. Ол біреудің қас-қабағына қарамай, егісін уақытында жүргізеді.
– Ал жердің тозуы мен эрозиясы туралы жиі айтасыз. Бұл мәселе ауыл үшін қаншалықты қауіпті?
– Өте қауіпті. Жер бір күнде тозбайды. Алдымен өнім азаяды. Кейін топырақтың құнары төмендейді. Сосын арамшөп көбейеді, ылғал дұрыс сақталмайды, жел ұшырған топырақ көбейеді. Ақырында шаруа «жер өнім бермейді» деп қолын бір сілтейді.
Негізінде жер өзінен-өзі жаман болып кетпейтіні анық. Ауыспалы егіс сақталмаса, тыңайтқыш дұрыс берілмесе, топырақ талдауы жасалмаса, су ретсіз жұмсалса, жердің күші азаяды. Мұны бұрынғы аталарымыз да білген. Олар жердің бабын қараған. Қазір оған ғылым қосылуы керек. Әр ауданға мықты агроном керек дейтінім содан.
– Мұхтар мырза, сіз аңшылықтану және аң шаруашылығы саласында еңбек етіп, оқулық жазып жүрген ғалым ретінде көпшілік ортаға танымалсыз. Қазіргі таңда осы салада маман дайындауға арналған оқулықтар қаншалықты жеткілікті?
– Шынын айту керек, аңшылықтану және аң шаруашылығы саласында қазақ тіліндегі сапалы оқулық мәселесі әлі де өзекті. Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Кеңес кезеңінде негізгі ғылыми еңбектердің басым бөлігі орыс тілінде жазылды. Ол кезде ғылыми мектеп те, әдістеме де, терминология да көбіне орыс тілінде қалыптасты. Ал ауылдан келген, орыс тілін жетік меңгермеген қазақ балалары үшін мұндай мамандықты игеру оңай болған жоқ.
Тоқсаныншы жылдары бұл қиындық тіпті анық сезілді. Ел жаңа кезеңге өтті, экономика ауыр болды, жастардың көбі ғылымға емес, күнкөріске көбірек мән берді. Біздің қатарымызда ғылымға барғандар өте аз болды. Оның үстіне аңшылық шаруашылығы мен аңшылықтану сияқты салаларда қазақ тіліндегі оқулық қоры толық қалыптаспаған. Сол олқылықтың орынын толтыру үшін бар күш-жігерімді жұмысап келемін.

Оқулық жазу жай мәтін құрау емес. Әсіресе аңшылықтану мен аң шаруашылығы сияқты салада кітап жазу үшін табиғатты білу к ерек, жануарлар дүниесін тану керек, биологияны, экологияны, аң-құс мінезін, олардың таралу аймағын, көбеюін, қоректенуін, ауруын, мекендеу ортасын түсіну керек. Сонымен қатар заңнаманы, аңшылық шаруашылығын жүргізу тәртібін, есепке алу әдістемесін, қорғау шараларын да білу де маңызыды.
Бір оқулықты жазуға кейде бес жылға дейін уақыт кетеді. Себебі материал жинайсың, салыстырасың, ғылыми деректі тексересің, терминді қазақша дұрыс берудің жолын іздейсің. Кез келген адам оқулық жазып кете алмайды. Оған тәжірибе, жауапкершілік, зерттеу жұмыстары керек. Оқулық студенттің қолына түсетін негізгі құрал. Егер онда қате кетсе, ертең маман да сол қателікпен қалыптасуы мүмкін. Сондықтан оқулық жазу жай ғылыми жұмыс емес, болашақ кадрға салынған еңбек.
– Аңшылықтану дегенді көп адам тек аң аулаумен байланыстырады. Бұл түсінік дұрыс па?
– Жоқ, бұл тар түсінік. Аңшылықтану аң ату емес, жануарлар дүниесін ғылыми негізде тану және басқару саласы. Аңшылық шаруашылығының міндеті табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау, аң-құс санын есептеу, олардың мекендеу ортасын қорғау, заңсыз аулауға жол бермеу, биологиялық ресурсты ұқыпты пайдалану. Мысалы, белгілі бір аймақта аң саны көбейіп кетсе, оның да табиғатқа әсері бар. Ал азайып кетсе, ол да қауіп.
Мұнда бәрі есеппен жүруі керек. Қай түрдің саны қанша, қай жерде мекендейді, қандай қауіп бар, қандай қорғау шарасы керек осының бәрін маман анықтайды. Сондықтан аңшылықтанушы табиғатты қорғаушы да, зерттеуші де, шаруашылық ұйымдастырушы да бола білуі тиіс.
Табиғатты қорғау мәселесі күшейген сайын бұл саладағы мамандардың рөлі арта береді. Бүгінгі қоғам аң-құсты тек ресурс деп емес, табиғаттың бір бөлігі деп түсінуі керек. Жануарлар дүниесін сақтау экологияның негізгі бағыты. Ал оны кәсіби мамансыз жүргізу мүмкін емес.
Қорықтарда, ұлттық парктерде, аңшылық шаруашылықтарында, табиғатты қорғау мекемелерінде білікті кадр керек. Аң-құс санын есептей алатын, далаға шығып бақылау жүргізетін, ғылыми қорытынды жасайтын, заң мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті түсінетін маман аз болса, сала әлсірейді.
– Оқулық жазуда сіз үшін ең маңызды қағида қандай?
– Ең маңыздысы студентке түсінікті болу. Ғылыми еңбек ауыр тілмен жазылса, студент одан қашады. Бірақ тым жеңілдетіп жіберсең, ғылымның дәлдігі жоғалады. Сондықтан орта жол керек. Оқулық қазақ баласына табиғатты өз тілінде түсіндіруі тиіс. Ол мәтінді оқығанда аңшылық шаруашылығының не екенін, аң-құс санағы қалай жүргізілетінін, жануарлар популяциясы қалай реттелетінін, табиғатты қорғаудың не үшін қажет екенін ұғуы керек.
Тағы бір қағида тәжірибеге жақындық. Студент тек теория оқымауы керек. Ол далаға шыққанда не істейтінін білуі тиіс. Қандай белгіге қарайды, ізді қалай таниды, мекендеу ортасын қалай бағалайды, есепті қалай жүргізеді, аңшылық шаруашылығының құжатын қалай жасайды – осылар оқулықта көрінуі керек.
– Оқулық тапшылығын шешу үшін не істеу керек?
– Бір ғалымның еңбегімен ғана бұл мәселе толық шешілмейді. Арнайы бағдарлама керек. Университеттер, ғылыми институттар, тәжірибелі мамандар, қорықтар мен ұлттық парктер, аңшылық шаруашылықтардағы мамандар бірге жұмыс істеуі керек. Қазақ тіліндегі оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулықтар көбейуі тиіс. Студентке тек бір кітап емес, тұтас білім қоры қажет.
Сонымен қатар жас ғалымдарды осы салаға тарту керек. Егер бүгін біз оқулық жазбасақ, ертең бұл бағыттағы қазақша ғылыми мектеп әлсірейді. Ғылымда сабақтастық үзілмеуі керек. Аға буын білгенін жазып қалдыруы тиіс, жас буын оны жалғастыруы керек.
Өз басым бүгінде оқулық жазып жүрген ғалымдарды — өз мамандығын сүйетін мамандар деп атаймын. Себебі оқулық жазу оңай жұмыс емес. Оған уақыт пен күш, жүйке кетеді. Кейде бір тақырыпты бірнеше рет қайта жазасың. Бір терминнің қазақша дәл баламасын іздеп, ұзақ ойланасың. Егер адам мамандығын шын жақсы көрмесе, мұндай еңбекке шыдамайды. Әсіресе біздің салада оқулық жазған маманға мемлекет тарапынан көк тиын төленбейді. Сонда да жазып жүрген адамдар бар. Неге? Өйткені олар өз саласының ертеңін ойлап, студенттің қиналмағанын қалайды. Қазақ тілінде білім қоры көбейсін деген ниет те жатыр.
Біздің оқу орнына түсетін балалардың басым бөлігі ауылда өскен, қазақ тілінде білім алған жастар. Бізге оқуға келетін жастардың 95 пайызы дерлік қазақ тілді ортадан келеді. Сол балалар университетке келгенде негізгі әдебиет орыс тілінде болса, сол бала бірден кедергіге тап болады.
Білімді өз тілінде алудың маңызы зор. Студент күрделі ғылыми ұғымды ана тілінде түсінсе, ол ойына терең сіңеді. Ал түсінбегенін жаттап алса, ертең маман болып шыққанда қолдана алмайды. Оқулықтың міндеті студентті жаттатқызу емес, түсіндіру. Қазақ баласы аңшылықтану мен аң шаруашылығының ғылыми негізін қазақ тілінде түсінуі керек.
– Сіздің өз студенттік кезеңіңізде қазақша оқулық болды ма?
– Біз оқыған кезде қазақ тілінде оқулық мүлде жоқтың қасы еді. Мен аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығы алғаш ашылған кезеңде түскен түлектердің бірімін. Ол кезде бәрі жаңа басталып жатқан. Оқу материалының басым бөлігі орыс тілінде болды. Осындай қиындықты біздің буын басымыздан өткіздік.
– Оқулық жоқ кезде студент қандай қиындық көреді?
– Біріншіден, уақыт жоғалтады. Өзіне таныс емес тілдегі материалды түсіну үшін көп энергия жұмсайды. Екіншіден, пәнге деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Бала аңшылықтануды жақсы көріп келеді, бірақ кітапты ашады да, түсінуге қиналады. Үшіншіден, термин шатасады. Бір ұғымды біреу бір түрлі аударады, екінші адам басқаша түсіндіреді. Жүйе болмаса, білім де жүйесіз болады. Ал қазақша сапалы оқулық болса, студент тақырыпқа бірден кіреді. Жануарлар дүниесінің биологиясын, аң-құс санын есептеу әдісін, аңшылық шаруашылығын ұйымдастыру тәртібін, табиғатты қорғау қағидаларын өз тілімен қабылдайды. Бұл білімнің сапасына тікелей әсер етеді.
– Аңшылықтану мен аң шаруашылығы саласына қазақша ғылыми тіл қалыптастыру қаншалықты қиын?
– Өте қиын, бірақ қажет жұмыс. Кейбір терминді қазақшаға тікелей аудара салуға болмайды. Ғылыми дәлдігі бұзылмауы керек. Сонымен бірге студентке түсінікті болуы тиіс. Бізде халықтық атаулар бар, жергілікті сөздер бар, ғылыми атаулар бар. Осының бәрін үйлестіру керек. Мысалы, аң-құс атауының өзі өңірге қарай әртүрлі айтылуы мүмкін. Бір жануардың халық арасындағы атауы бөлек, ғылыми жіктелуі бөлек. Оқулықта осыны реттемесек, ертең студент шатасады. Ғылыми ұғымды қазақтың тілдік табиғатына лайықтап түсіндіру қажет.
– Оқулық жазуға мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті ме?
– Шынын айту керек, жеткілікті деп айта алмаймын. Оқулық жазу үлкен еңбек болғанымен, көп жағдайда автор оның қаржылық қайтарымын көрмейді. Мемлекет тарапынан арнайы қолдау, жүйелі тапсырыс, автор еңбегін бағалау тетігі күштірек болуы керек. Ғалым немесе оқытушы сабақ береді, ғылыми жұмыс істейді, студент дайындайды, соның арасында оқулық жазады.

Бұл оңай емес. Егер біз қазақ тіліндегі білім қорын көбейтеміз десек, оқулық жазатын маманды қолдауымыз керек. Ол үшін грант, баспа шығынын өтеу, авторлық қаламақы, ғылыми редакциялау жүйесі, оқу орындары арасындағы бірлескен жұмыс қажет. Оқулық жазған адам елдің кадр даярлау ісіне үлес қосып отыр. Оның еңбегі бағалануы тиіс.
– Мұхтар мырза, оқулық жазуға қатысты біраз жайтты айттыңыз. Енді аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығының тарихы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Жақсы. Біздің аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығы 1995 жылы ашылды. Содан бері үздіксіз маман дайындап келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиеленді. 100-ден астам магистрант, 5 ғылым докторы шықты. Осы көрсеткіштің өзі саланың ел үшін керек екенін көрсетеді.
Жер бетіндегі адамзаттың ең алғашқы кәсібі -аңшылық саласы болды. Терімшілікпен аңшылық қатар пайда болып, терімшілікпен барлық адамдар айналысқан болса, аң аулау дәстүрін меңгерген адамдар ғана айналысқан. Сол уақыттан бастап адам баласы табиғатты тануды, аңның ізін көруді, жануардың мінезін түсінуді, тіршілік үшін қажетті қоректі табуды сол кезде үйренді. Сондықтан аңшылықтану бүгін пайда болған сала емес. Тек қазір ол ғылыми жүйеге түсті. Бұрын тіршілік амалы болса, қазір табиғатты басқару, қорғау және реттеу мәдениетіне айналды.
– Бұл мамандық ашылғаннан кейін салада қандай өзгерістер болды?
– Ең алдымен, кәсіби көзқарас қалыптасты. Бұрын аңшылық дегенді көп адам аң ату деп қана түсінді. Ал мамандық ашылғаннан кейін аңшылық шаруашылығына ғылыми тұрғыдан қарау күшейді. Жануарлар санын есептеу, мекендеу ортасын бағалау, популяцияның өсімін бақылау, табиғатқа түсетін салмақты анықтау, заңсыз аңшылықпен күресу сияқты бағыттар жүйелене бастады. Киік мәселесін де осы тұрғыдан қарау керек. 2003 жыл 22 мың басқа азайып, жоғалып кету қаупі туғаны рас. Кейін қорғау шаралары күшейді, мамандар жұмыс істеді, мемлекет назар аударды. 2025 жылы ақбөкен саны 4 миллионға жетті. Алдағы жылдары киіктердің саны 5 миллионнан асуы мүмкін деген болжам да бар.
– Киік санының көбеюі бір жағынан қуанышты жаңалық емес пе?
– Әрине, қуанышты. Киік қазақ даласының символы. Бір кезде 20-30 мың басқа дейін азайып, жойылып кету қаупі туған жануардың қайта көбеюі – үлкен жетістік. Бұл табиғатты қорғау жұмысының нәтижесі. Бірақ кез келген жетістіктің келесі жауапкершілігі болады. Сан көбейген соң оны ғылыми негізде басқару керек. Табиғатта шексіз өсім деген болмайды. Әр жайылымның көтеретін шамасы бар. Әр өңірдің суы, шөбі, кеңістігі, мал шаруашылығымен байланысы бар. Егер киік саны белгілі бір аумақта шамадан тыс көбейсе, ол экожүйеге де, ауыл шаруашылығына да салмақ түсіреді. Сондықтан қуану бар, бірақ сонымен бірге есеп те болуы керек.
– Қоғамда киік санын реттеу туралы әңгіме ауыр қабылданады. Неге?
– Себебі халық киікті аяйды. Бұл түсінікті. Қазақ киікті қастерлеген, «құралай» деп еркелеткен. Киіктің жаппай қырылған кезін көрдік, оған қоғам ауыр қарады. Сондықтан «санын реттеу» деген сөз шықса, көп адам оны бірден «қырып тастау» деп қабылдайды. Міне, осы жерде түсіндіру жұмысы жетіспейді. Популяцияны реттеу жануарға жаулық жасау емес. Керісінше, табиғи тепе-теңдікті сақтау. Егер бір түрдің саны шектен тыс көбейіп кетсе, ауру тарау қаупі артады, жайылым тозады, басқа жануарларға қысым түседі, мал шаруашылығына зиян келеді. Ғылыми тілмен айтқанда, әр популяцияның табиғи сыйымдылығы болады. Сол межеден асып кетсе, мәселе басталады.
– Киік саны шамадан тыс көбейсе, қандай қауіп туындайды?
– Бірінші қауіп ауру. Киік өте көп шоғырланған жерде жұқпалы ауру ошақтары пайда болуы мүмкін. Пастереллез сияқты аурулар табиғатта бар. Мал мен жабайы жануар бір өрісте жайылған соң қауіп ортақ. Егер ауру шықса, оның зардабы тек киікке емес, қолдағы малға да әсер етуі мүмкін. Ал мал шаруашылығы ауылдың негізгі табыс көзі екенін ұмытпауымыз керек.
Екінші қауіп жайылым. Бір киік күніне шамамен 5-6 келі шөп жеп, 2 литрдей су ішеді деп есептесек, миллиондаған киіктің табиғаттан алатын қорегі өте үлкен ресурс. Мұны бір күнге, бір айға, бір маусымға көбейтіп қараңыз. Даладағы шөп қоры шексіз емес. Әсіресе құрғақшылық жылдары бұл өте сезіледі.
Үшінші қауіп егін. Шаруа миллиондап қаржы шығарып егін салады. Егер сол алқаппен 40-50 мың киік жүріп өтсе, жердің шаңы шығады, өсімдік тапталады, топырақ бүлінеді. Мұны тек эмоциямен емес, экономикалық және экологиялық есеппен қарау керек.
– Киік етін, терісін өндірістік бағытта пайдалану қоғамға оғаш көрінуі мүмкін. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл жерде эмоция мен ғылымды ажырата білу керек. Егер киік популяциясы тым көбейіп, табиғат пен шаруашылыққа қысым түсірсе, оны реттеу қажет болады. Ал реттелген жануардың өнімін далаға тастау дұрыс емес. Еті, терісі, басқа да өнімдері санитарлық, ветеринариялық және заңдық талапқа сай өңделуі керек. Көп елде жабайы жануарлар популяциясын реттеу тәжірибесі бар. Онда бәрі есеппен жүреді. Біз де сондай мәдениетке келуіміз керек. Бастысы заңсыздыққа жол бермеу. Ашық, бақыланатын, ғылыми негізделген жүйе болса, қоғам да біртіндеп түсінеді.
– Ауыл шаруашылығы мен киік мәселесін қалай тең ұстауға болады?
– Екі жақты бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Киік те керек, шаруа да керек. Дала тек жабайы жануардың ғана мекені емес, ауыл адамының да күнкөріс орны. Қолдағы мал мен киік кей өңірде бір жайылымды пайдаланады. Шаруа егін салады, жем-шөп дайындайды, мал бағады. Егер киік саны шектен тыс көбейіп, сол еңбекті жоққа шығарса, ауыл адамында наразылық туады. Бұл табиғи нәрсе.
Сондықтан шешім ортақ болуы керек. Киікті қорғау жалғасуы тиіс, бірақ ауыл шаруашылығының шығыны да ескерілуі қажет. Ғылыми лимит, өтемақы мәселесі, қоршау, көші-қон жолдарын белгілеу, жайылым картасын жасау, шаруалармен тұрақты байланыс – осының бәрі бірге жүруі керек.
– Қоғамға бұл мәселені қалай түсіндіру қажет?
– Қарапайым тілмен айту керек. Киік көбейді деген жақсы. Бірақ «көп болған сайын жақсы» деген дұрыс емес. Табиғатта бәрі өлшеммен. Су да, шөп те, жайылым да, жануар саны да тепе-теңдікте болғанда ғана табиғат аман болады.
Халыққа киіктің күніне қанша шөп жейтінін, қанша су ішетінін, миллиондаған басқа шаққанда оның қандай ресурс екенін түсіндіру керек. Егінге келген шығынды нақты көрсету керек. Ауру қаупін айту керек. Сонда жұрт реттеу шарасын жауыздық ретінде емес, табиғатты басқарудың бір жолы ретінде қабылдай бастайды. Киік мәселесі эмоциямен емес, кәсіби біліммен қаралатын тақырып. Егер елде аңшылықтанушы, биолог, эколог, ветеринар, агроном, жайылым маманы бірге жұмыс істесе, шешім дұрыс болады. Бір ғана мекеме немесе бір ғана пікір жеткіліксіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН
Анықтама: Мұхтар Байбатшанов Халықаралық ақпаранттандыру академиясының академигі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Биолог-аңшы. ҚазҰАЗУ-нің профессоры, Қазақстандағы бөдене шаруашылығының теориялық-технологиялық жүйесін ғылыми негіздеген тұңғыш-ғалым.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







