Шымкент әкімдігі соңғы уақытта қалада түрлі наразылық шарасын өткізіп жүрген Ұлжан есімді азаматшаға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, тұрғын көтеріп жүрген мәселе қоғамдық сипатта емес, жеке сипатқа ие. Ол негізінен атаулы әлеуметтік көмек пен кезексіз үй беруді талап етіп жүр.
Алайда әкімдік өкілдері атаулы әлеуметтік көмек тек заң талабына сәйкес берілетінін, біреуге баспана береміз деп, біреуді аттап өте алмайтынын атап өтуде.
«Оған (Ұлжанға, ред.) әлеуметтік көмек тағайындауға заңдық негіз жоқ болғандықтан, көмек беруден бас тартылды. Әкімдік оған бір емес, бірнеше рет жұмыс ұсынған болатын. Тіпті жалақысы 350 мың теңгеге жететін жұмыс та ұсынылды. Бірақ тұрғынның өзі бұдан бас тартып, жалақысы тек 400–500 мың теңге аралығында жұмыс іздейтінін мәлімдеді. Бүгінге дейін оған 40-қа жуық мекемеден 70-тей вакансия ұсындық, алайда ол бірде-бір ұсынысты қабылдаған жоқ», – дейді әкімдік өкілдері.
Бұдан бөлек…
Қала әкімдігі сондай-ақ Ұлжан есімді азаматшаға 6 жыл бойы түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп келгенін айтып отыр. Қолдау әлеуметтік төлем, қаржылай жәрдемақы және демеушілер тарапынан берілген көмек түрінде жүзеге асқан. Дегенмен соңғы уақытта аталған көмек түрлері заң талаптарына сәйкес тоқтатылған.
«Себебі оның қаржылық жағдайы, әлеуеті заңда көрсетілген шартқа сәйкес келмейді. Әлгі тұрғын көмек тоқтатылғаннан кейін, жеке мәселесін қоғамдық резонансқа айналдырып, әкімдікке қарсы негізсіз шу шығаруды кәсіпке айналдырып алғандай.
Қандай да бір жанжал шықса, дереу тікелей эфирге шығып, халық алдында өзін әділетсіздік құрбаны етіп көрсеткісі келеді. Тіпті өзін өртеймін деді. Жеке мүддені халықтың атымен бүркемелеп, мемлекеттік мекемелерді қаралауға болмайды.
Әкімдік кез келген тұрғынмен конструктивті диалог жүргізуге, тілдесуге әрқашан ашық. Барлық мәселе тек заң шеңберінде шешілуі тиіс екенін тағы бір мәрте еске саламыз», – делінген әкімдіктің ресми мәлімдемесінде.
Ескерту: Ertenmedia өз кезегінде қарсы тараптың уәжін де толық жариялауға әзір екенін хабарлайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







