Орал қаласында «Жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік телемедицина» атты Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Батыс Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Корея Республикасының Католиктік Квандонг университеті жанындағы «Әулие Мария» халықаралық клиникасының президенті Ко Донг Хён бастаған делегация және өңір дәрігерлері қатысты.
Халықаралық симпозиум аясында облыстық көпбейінді ауруханада жаңа телемедицина бөлмесі салтанатты түрде ашылды. Жоба өңір басшысының 2025 жылғы қараша айында Оңтүстік Кореяға жасаған жұмыс сапары кезінде бекітілген меморандумдардың нақты нәтижесі ретінде іске асып отыр.

Екіжақты келісім аясында биыл Батыс Қазақстан облысының неврология және нейрохирургия саласындағы 10 маманы «Әулие Мария» клиникасында тағылымдамадан өтті. Оралдық дәрігерлер шетелдік әріптестердің тәжірибесімен танысып, заманауи диагностика, емдеу тәсілдері және цифрлық медицина бағытындағы білімін жетілдірді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары өңірде жүйелі орындалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық даму жоспарында 2029 жылға дейін орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсатқа жету үшін өңірде нақты жоспар мен кешенді жұмыс жүргізілуде.
Аймақ басшысы халықаралық симпозиум мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған келісімдер жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттырып, жаңа медициналық жетістіктерге жол ашатынын айтты. Оңтүстік кореялық әріптестермен байланыс өңір медицинасы үшін тиімді әрі нәтижелі болмақ.

Клиника президенті Ко Донг Хён де Батыс Қазақстан облысымен бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, телемедицина, жасанды интеллект және қашықтан диагностика бағытындағы серіктестік екі тарапқа да жаңа мүмкіндік береді.
Симпозиум барысында шетелдік мамандар жасанды интеллект көмегімен ауруды ерте анықтау, телемедицинадағы зияткерлік шешімдер және цифрлық медициналық деректер қауіпсіздігі бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай технологиялар шалғай елді мекендердегі тұрғындарға сапалы медициналық кеңес алуға, күрделі диагноздарды ерте анықтауға және дәрігерлер арасындағы кәсіби байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
БҚО-да ашылған жаңа телемедицина кабинеті өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам саналады. Корея тәжірибесімен ұштасқан бұл жоба болашақта аудандық ауруханалар мен облыстық орталық арасындағы медициналық байланысты күшейтіп, науқастарға уақытылы әрі сапалы көмек көрсетуге ықпал етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







