Депутат Ермұрат Бапи Алматыдағы Hilton қонақүйін заңсыз жолмен тартып алу әрекеті туралы шатақ мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжілісмен мұның артында «ескі Қазақстанның» атышулы олигархтары тұрғанын мәлімдеп, Бас прокурор Берік Асыловтың араласуын сұрады.
Депутаттың айтуынша, әзірде Алматы қаласының әділет департаменті Hilton қонақүйіне сау етіп кіріп келген. Оқиға қонақтардың, оның ішінде шетелдік туристердің көз алдында болған. Қазіргі уақытта қонақүйде 250 адам жұмыс істейді.
«Қонақүйді әккі схема арқылы мемлекет меншігіне алып, артынша Мемлекеттік мүлік комитеті арқылы аукционға қойып, қайтадан су тегінге Қайрат Сатыбалдыға жақын компанияға сатуға әрекет жасалуда. Бұдан бөлек, мұның артында Capital Bank иесі Орифджан Шадиев пен Qazaq Banki иесі Дінмұхамед Идрисов тұрғаны туралы мәлімет бар», – деді депутат.
Бапидің айтуынша, төрт жыл бұрын осы қонақүйді Қайрат Сатыбалдының сыбайластары басып алуына байланысты мәселе көтергенімен, меморгандар сырғытпа жауаппен шектелген. Кейіннен заңсыз активтерді қайтару аясында қонақүй мемлекет меншігіне өткен. Бірақ қазір қонақүйді қайтадан заңсыз жолмен иемденудің күрделі схемасы іске асырылуда.
Депутаттың дерегінше, активтерді қайтару жөніндегі комиссия Hilton-ды 4,5 миллиард теңгеге бағалаған, алайда қонақүйдің нарықтық құны шамамен 12 миллиард теңгені құрайды. Бапидің болжамынша, бағаны әдейі төмендетіп, кейін арзан бағаға сатып алу көзделген.
«Қонақүйді тартып алумен шектелмей, оның иелеріне 4,5 миллиард теңге қарыз іліп қойған. Бұл барып тұрған әділетсіздік», – деді Ермұрат Бапи.
Депутат Бас прокуратурадан осы жағдайға байланысты жан-жақты тексеріс жүргізуді, алаяқтық схемаға қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрап отыр. Даты Тоқаевтың назарына ілігіп, әділетті шешім табады деп үміттенеді.
Бүгін Қайрат Сатыбалды хит болып тұр. Бұған дейін біз оның Алматыдағы танымал колледжге барып, дәріс оқығаны туралы егжей-тегжейлі жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







