Ғалымдар интернет кабельдерін тек байланыс құралы ретінде ғана емес, жер сілкінісі, жанартау атқылауы және су тасқыны секілді табиғи құбылыстарды бақылайтын сезімтал датчик ретінде пайдалана бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір жер жүзін миллиондаған шақырым оптикалық талшықты кабель торлап жатыр. Оның ішінде мұхит түбінде жатқан суасты интернет кабельдерінің ұзындығы шамамен 920 мың мильге жетеді. Бұрын мұндай желілер тек дерек тасымалдау үшін қажет болса, енді олар ғылымға да қызмет ете бастады.
Мамандар таратылған акустикалық зондтау, яғни DAS технологиясын қолданады. Бұл әдіс кабель бойымен лазерлік импульс жіберіп, өте ұсақ діріл, топырақ қозғалысы, деформация және су ағыны секілді өзгерістерді тіркейді.
Кәдімгі сейсмометр жер қозғалысын бір ғана нүктеден өлшейді. Ал оптикалық талшықты кабель ұзақ аумақты қамтитын үздіксіз датчик сияқты жұмыс істей алады.
Мұндай тәсіл табиғи апаттарды ертерек анықтауға көмектесуі мүмкін. Исландиядағы Гриндавик жанартауының атқылауы кезінде осы технологияның тиімділігі байқалды. АҚШ Ұлттық ғылыми қорының мәліметінше, жүйе жанартау атқылауына 26 минут қалғанда белгі берген. Осы уақыт жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік жасаған.
Калифорния технологиялық институтының зерттеушілері де оптикалық кабельдің әлеуетін көрсетті. Олар шамамен 62 мильдік талшықты кабельге қосылып, 10 мың дәстүрлі сейсмометр жинайтын дерекке тең ақпарат алған. Бұл сейсмикалық мониторингті арзанырақ әрі кеңірек жүргізуге жол ашады.
Мысалы, Калифорнияда 700-ден астам сейсмометр бар. Әрқайсысының құны 50 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Ал DAS жүйесі үшін бірнеше миль кабельге лазерлік импульс жіберетін бір интеррогатор қажет. Оның құны шамамен 200 мың доллар. Яғни бір құрылғы ұзақ кабельді толыққанды бақылау желісіне айналдыра алады.
Бұл әдіс суасты сейсмикалық бақылау үшін де маңызды. Мұхит түбіне жеке-жеке датчик орнату қымбат әрі күрделі. Ал бұрыннан жатқан телекоммуникациялық кабельдерді пайдалану шығынды азайтады. Канар аралдарында зерттеушілер суасты кабелін 11 968 деформация датчигі бар жүйеге айналдырған. Оның ұзындығы шамамен 75 миль болған.
Бұл жүйе жергілікті және өңірлік жер сілкіністерін ғана емес, мыңдаған миль қашықтағы мұхиттық зілзаладан тараған сейсмикалық толқындарды да тіркеген.
Ғалымдар үшін мұндай жаңалықтың мәні үлкен. Интернет кабельдері әлемді ақпаратпен байланыстырып қана қоймай, енді Жердің ішкі тынысын да тыңдай бастады.
Егер бұл технология кеңінен қолданылса, болашақта жер сілкінісі, жанартау, көшкін және су тасқыны сияқты қауіптерді ертерек байқауға мүмкіндік артады. Яғни күн сайын дерек тасып тұрған кабельдер енді адам өмірін сақтайтын жаңа ғылыми инфрақұрылымға айналуы мүмкін.
Қазақстанда жеке көлікті күтіп ұстау шығыны бір жылда 16,6 пайызға қымбаттады. Автокөлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету қазақстандықтар үшін барған сайын қымбаттап барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







