Атырауда халықаралық қолөнершілер фестивалі «ШеберFEST-2026» басталды. Сұлтан Бейбарыс алаңы бірнеше күнге нағыз шеберлер қалашығына айналды. Мұнда жартылай киіз үй үлгісіндегі тақырыптық аймақтар орнатылып, келушілер халық шығармашылығымен жақын танысуға мүмкіндік алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды фестивальге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген сәндік-қолданбалы өнердің 100-ге жуық шебері қатысып жатыр. Олар 4 мыңға жуық авторлық бұйым ұсынды. Көрмеде киізден жасалған әшекейлер, зергерлік бұйымдар, ағаш ою өнері, ұлттық музыкалық аспаптар, тоқыма, этнодизайн үлгілері және басқа да қолөнер туындылары қойылды.
Фестивальге қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов көрме экспозициясымен танысып, халықтық қолөнерді сақтау мен насихаттаудың маңызына тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, халықтық қолөнер – ұлттың жаны мен болмысын танытатын құндылық. Онда ата-бабаның еңбегі, таланты және рухани мұрасы сақталған.
«Атырау облысы – бай тарихы, берік дәстүрі және ерекше мәдениеті бар өңір. “ШеберFEST” халық шеберлерін қолдау және ұлттық өнерді жастар арасында кеңінен таныту үшін маңызды шара», деді Серік Шәпкенов.
Ұлттық мерекенің әсерін этнодефиле, дәстүрлі тағамдар көрмесі және қазақтың ұлттық ойындары толықтыра түсті. Фестиваль жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасады. Кештің хедлайнері ретінде қазақстандық әнші BAYANSULU өнер көрсетті.
«ШеберFEST-2026» фестивалі 23 мамырға дейін жалғасады. Келушілерді шеберлік сабақтары, концерттер және қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыратын түрлі бағдарлама күтіп тұр. Қазақстандық және шетелдік шеберлер құрақ құрау, ұлттық керамика, саз балшықпен жұмыс істеу, «бізкесте» өнері бойынша тәжірибесімен бөліседі.
Фестивальдің ерекшелігі – көрермендер тек дайын бұйымды тамашалап қана қоймай, қолөнер туындыларын өз қолымен жасап көруге мүмкіндік алады. Мұндай шаралар ұлттық өнерді музейлік құндылық ретінде ғана емес, бүгінгі өмірдің ажырамас бөлігі ретінде танытуға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







