Сауран ауданына қарасты Ибата елді мекенінде елді қуантқан тағылымды шара өтіп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыға жаңа баспана кілті табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоныс тойына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Жаңа үй Ибата елді мекенінің 1989 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен салынған.
Туған жерге жанашыр азаматтардың бұл қадамы ауылдағы ауызбіршілік пен адамгершіліктің жарқын көрінісіне айналды. Мектеп бітіріп, әр салада еңбек етіп жүрген түлектер көптен бері баспанаға мұқтаж отбасыға қолдау көрсетіп, бір шаңырақтың қуанышын еселеді.
Шара барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Ол мұндай бастамалар қоғамдағы мейірім мен ынтымақты күшейтетінін, туған жерге деген жауапкершіліктің нақты үлгісі екенін атап өтті. Игі іске атсалысқан азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Жаңа баспана отбасының жайлы өмір сүруіне қажетті жағдаймен қамтылған. Қоныс иелері көрсетілген көмек пен қамқорлық үшін алғыс айтып, қуаныштарын жеткізді.
Ибатадағы бұл бастама ауылдағы ағайынның бір-біріне сүйеніш бола алатынын көрсетті. Кейде үлкен жақсылық алыс жерден емес, бір ауылда бірге өскен азаматтардың ниетінен басталады. 1989 жылғы түлектердің бұл ісі кейінгі буынға да өнеге боларлық қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







