Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекетті дамыту» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуға сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, ғалымдар және азаматтық сектор мүшелері қатысты. Жиында жаңа Конституция аясындағы институционалдық өзгерістер, құқықтық мемлекетті дамыту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды.
Конференцияны ашқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Конституцияның мемлекет өміріндегі айрықша орнына тоқталды. Оның айтуынша, Ата заң елдегі қоғамдық тұрақтылықтың, азаматтық келісімнің және әділетті басқарудың негізгі тірегі саналады.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарына негізделген ауқымды жаңғыру бағыты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Қазіргі кезеңде заңның орындалуын қамтамасыз етумен қатар, қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыру, жауапкершілік пен азаматтық сананы нығайту маңызды екенін айтты.

– Қазіргі жағдайда жастарды елдің дамуы мен жасампаздық үдерістеріне кеңінен тарту аса маңызды. Жас ұрпақ Конституцияны тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, өз құқықтарын, мүмкіндіктері мен болашағын қорғайтын нақты тетік ретінде қабылдауы қажет. Жүзеге асырылып жатқан барлық реформалардың басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және тиімді, әділетті әрі халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыру, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Конституциялық құқық және азамат мүддесі
ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Шығыс Қазақстан облысының жалпыұлттық референдумда жоғары белсенділік танытқанын атап өтті. Ол жаңа Конституция аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты оң өзгерістер бар екенін айтты.
Бақыт Нұрмұханов Конституциялық Соттың биылғы 18 мамырда қабылдаған шешімін мысалға келтірді. Аталған іс облыстық сот төрағасының ұсынымы негізінде қаралған. Соның аясында Әлеуметтік кодекстің жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігі зерделенді.
Іске Ұлан ауданында тұрған, кейін шетелге қоныс аударған азаматшаның жағдайы себеп болған. Жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар әйел зейнет жасына жеткен соң Өскеменге келіп, зейнетақы рәсімдеуге өтініш берген. Алайда оған Қазақстан аумағында тұрақты тұрмайтыны негізінде бас тартылған.
Конституциялық Сот бұл мәселеге құқықтық баға бере отырып, жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру Конституциямен кепілдендірілетінін атап өткен. Зейнетақы адамның көп жылғы еңбек қызметі нәтижесінде қалыптасқан құқығы ретінде қарастырылуы тиіс. Негізгі өлшем – еңбек өтілі. Сондықтан азаматтың тұрақты тұрғылықты жері оның заңды түрде зейнетақы алу құқығына кедергі болмауы қажет деген қорытынды жасалған.
– Қазір біз облыстық соттың осы шешім аясындағы алдағы ұстанымын қызығушылықпен бақылап отырмыз. Бұл – Конституциялық Соттың, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылы нәтижесінде Конституция нормаларының іс жүзінде жүзеге асып, азаматтардың құқықтары нақты қорғалатынын көрсететін айқын мысал, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, Әділет министрлігі жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов және өңірдің сот әрі құқық қорғау жүйесінің өкілдері қатысты.
Конференция барысында Үнзила Шапаққа Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры атағы табысталды. Оның құқық саласындағы ғылыми еңбегі, заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі, жоғары білім мен құқықтық мәдениетті дамыту бағытындағы қызметі ерекше аталды.
Сонымен қатар «Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясы» атты студенттер арасындағы байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Жастарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесіне оң баға берілді.
Шығыс Қазақстандағы конференция жаңа Конституцияның қағидаттары тек құжат деңгейінде қалмай, нақты құқықтық тәжірибеде іске асып жатқанын көрсетті. Заң үстемдігі, азамат құқығы, сот жүйесінің жауапкершілігі және жастардың құқықтық санасы – әділетті мемлекет қалыптастырудағы негізгі бағыттардың бірі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







