Түркістан облысының Жетісай ауданындағы диқандар биылғы алғашқы қарбыз өнімін жинауға кірісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Бахарам» шаруа қожалығы биыл 10 гектар аумаққа қарбыз еккен. Егістік алқаптары К-30 каналынан келетін сумен қамтамасыз етіліп отыр. Шаруалар суару жүйесін тұрақты әрі дер кезінде реттеп отырған «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының мамандарына алғыс айтты.
«Қазір қарбызды жинау науқаны қарқын алды. Биыл су мәселесінде еш қиындық болған жоқ. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризамыз», – деді «Бахарам» шаруа қожалығының төрағасы Шакирбой Раджапов.
Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысы ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден аса сумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 307 миллион текше метр су тек Жетісай ауданының егістік алқаптарына жіберілген.
Ауданда бақша дақылдарын суару үшін 53,8 миллион текше метр су пайдаланылды. Қазіргі уақытта Жетісай өңірінде бақша өнімдерімен қатар көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







