Астанада шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық және жедел іс-шараларды күшейтіп, құтқарушылар Есіл өзенінде күн сайын патруль жүргізіп жатыр. Қауіпті учаскелерде үш мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді.
Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіз демалысы үшін шомылуға рұқсат етілген бес ресми орын белгіленген. Ал жабдықталмаған және қауіпті аумақтарда суға түсуге тыйым салынатыны туралы ескерту белгілері орнатылды.
Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалиннің айтуынша, судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған жерлерде болады. Сондықтан мамандар азаматтарды тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйінде суға түспеуге шақырады.
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен шомылу маусымында рейдтік іс-шаралар кезінде ТЖД қызметкерлері 176 әкімшілік хаттама толтырған.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауға үндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







