Бүгін Алматыда Freedom Impressions Talk алаңында Freedom Lifestyle Group компаниясының атқарушы директоры Ерлан Есімсейтов Қазақстанда концерттер мен ірі спорттық шараларға билетті қайта сату нарығын қауіпсіз етуге арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ерлан Есімсейтовтің айтуынша, соңғы жылдары танымал концерттер мен халықаралық спорттық оқиғалар кезінде билетті үшінші тұлғалар арқылы сатып алу тәуекелі көбейген. Кей жағдайда бір билет бірнеше адамға қатар сатылып, нысанға тек бірінші келген көрермен ғана кіре алған.
– Мұндай жағдайлар көрермен үшін үлкен шығынға айналуы мүмкін. Адам қымбат билет сатып алып, басқа қаладан немесе елден арнайы келіп, соңында іс-шараға кіре алмай қалуы ықтимал. Сондықтан қайталама билет нарығын ашық әрі қауіпсіз ету қажеттігі туындады, – дейді Есімсейтов.
Осы мәселені шешу үшін Freedom Ticketon қайталама билет сату платформасын іске қосты. Жаңа жүйе сатып алушы мен сатушы арасындағы мәмілені қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді.
Ерлан Есімсейтовтің айтуынша, платформада төлем бірден сатушыға аударылмайды. Сатып алушы билет таңдағаннан кейін қаражат арнайы жүйеде уақытша бұғатталып тұрады. Билет іс-шара күні беріледі. Көрермен нысанға кіріп, билет пайдаланылғаны расталған соң ғана ақша сатушыға жіберіледі.
Мұндай тәсіл билеттің түпнұсқалығын тексеруге, алаяқтық тәуекелін азайтуға және сатып алушының құқығын қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар Есімсейтов стадиондар мен ірі алаңдарда жаңа цифрлық шешімдер сынақтан өтіп жатқанын айтты. Қазір пилоттық жоба орталық стадионда жүргізілуде. Егер нәтиже сәтті болса, технология басқа спорт және концерт алаңдарына да енгізіледі.
Қайталама билет нарығы әлемнің көптеген елінде қалыпты тәжірибеге айналғаны белгілі. Қазақстандағы жаңа платформа да халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Негізгі мақсат азаматтарға билетті қауіпсіз сатып алу мүмкіндігін беру және ірі мәдени әрі спорттық іс-шараларға деген сенімді арттыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







