Семейде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәдени шара Абай атындағы театр сахнасында ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаламгер шығармаларында тарихи әділеттілік, туған жерге сағыныш, елдік сана мен азаттық рухын терең бейнеледі.

Аймақ басшысы жазушының Қаздар қайтып барады, Көкейкесті, Бақыт жолында және Дарабоз секілді туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алғанын айтты. Ал қазақ көшінің тағдырын арқау еткен Соңғы көш қаламгер шығармашылығының биік белесі ретінде бағаланады.
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек сөз сөйлеп, жазушының отбасы мен оқырмандарына ізгі тілегін жеткізді.
Жазушының мерейтойына орай өңірде бірқатар тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Үржар ауданында ғылыми-практикалық конференция өтсе, Семейдегі Абай кітапханасында еске алу кеші ұйымдастырылды.

Мәдени кеш аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым көрсетілді. Сондай-ақ Секен Тұрысбек, Майра Ілиясова, Еркін Шүкіман, Дінисламбек Жайлаубай, Мәдина Сәдуақасова және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы Қазақ әдебиеті басылымында, Жазушы баспасында және мемлекеттік баспа жүйесінде қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Оның шығармалары ұлттық рухты, тарихи жадты және елдік құндылықтарды дәріптейтін рухани мұра ретінде бағаланып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







