Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта балалармен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еркін форматта өткен жүздесуге 35-ке жуық бала қатысты. Ашық аспан астындағы кездесуде оқушылар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның мәні туралы пікір алмасты.
Марат Сұлтанғазиев балаларға мемлекеттік рәміздер тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін айтты. Оның сөзінше, Ту, Елтаңба мен Әнұранды құрметтеу – әр азаматтың елге деген құрметін көрсететін маңызды белгі.
Кездесу барысында әкім мемлекеттік рәміздерге қатысты қызықты деректермен де бөлісті. Әсіресе көк Тудың ғарыш кеңістігіне көтеріліп, әлемнің ең биік шыңдарында желбірегені туралы мәліметтер балалардың ерекше қызығушылығын оятты.
Оқушылар мемлекеттік рәміздердің авторлары, олардың мағынасы және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі жетістіктері туралы сауалдар қойды. Ашық диалог балалардың өз ойын еркін айтуына мүмкіндік берді.

“Мемлекеттік рәміздер – біздің тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және елдігіміздің белгісі. Оларды құрметтеу – туған елге деген құрметтің көрінісі”, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда аталып өтеді. Осы күнге орай ел бойынша патриоттық тәрбиеге, елдік құндылықтарды насихаттауға және өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







