Астанада коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ірі жобалар басталды. Ұлттық жоба аясында жылу, электр және су желілерін жаңғыртуға 4, 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы жылдары елорда халқының саны қарқынды өсіп келеді. Жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың көбеюі инженерлік желілерге түсетін жүктемені де арттырды. Сондықтан қазіргі кезеңде жаңа үйлер салумен қатар оларды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету басты міндеттердің біріне айналып отыр.
«Астана-Теплотранзит» АҚ жылу желілерін жаңартуға арналған екі жобаны қолға алды. Жалпы құны 870 млн теңгеден асатын жобалардың бірі Қабанбай батыр даңғылына жақын орналасқан жаңа тұрғын аудандарды қамтиды. Мұнда Қ. Мұхамедханов көшесінің бойымен өтетін ұзындығы 492 метр болатын жылу трассасы салынып жатыр. Жобаны жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар ЖМ-12 жылу магистралінің 347 метрлік бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар желілердің тозуын азайтып, қыс мезгіліндегі апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Электрмен жабдықтау бағытында да ауқымды жаңғырту жүріп жатыр. «Астана-Өңірлік электр желілік компаниясы» бірінші кезеңде 7 шақырымнан астам электр желісін жаңартуды жоспарлаған. Бұл жұмыстарға 1, 4 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек тағы 9, 5 шақырымнан астам желі жөнделеді.
Сумен жабдықтау саласында «Астана су арнасы» кәсіпорны Досмұхамедұлы көшесі бойындағы техникалық су құбырын қайта жаңғыртуға кірісті. Құны 2, 47 млрд теңге болатын жоба аясында ұзындығы 3 шақырымнан асатын желі ауыстырылады. Жұмыстар аяқталған соң қаланың осы бөлігіндегі сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артады.
Мамандардың пікірінше, коммуналдық желілерді жаңғырту көзге көріне бермейтін жұмыс болғанымен, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жылу, жарық және су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі қаланың қауіпсіздігі мен өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады.
Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба 2029 жылға дейін жалғасады. Оның негізгі мақсаты – республика бойынша коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету және апат қаупін 20 пайызға қысқарту.
Ұлттық жоба толық іске асқан жағдайда коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарып, таза суға қолжетімділік артып, қалалардың инженерлік жүйелері тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуге тиіс. Астана осы өзгерістердің алғашқы алаңдарының біріне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







