Абай облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Артық білім – кітапта» облыстық байқауының қорытынды кезеңі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, ойлау қабілетін дамыту және оқырман жастардың белсенді ортасын қалыптастыру.
Іс-шараны Абай облысының білім басқармасы, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, «Assyltas» қоры және «OQU CLUB» ұйымы бірлесіп өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл 16 мамырда Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы қабылданған. Осы құжат аясында жаңа форматтағы кітапханалар ашу, отандық қаламгерлерді қолдау және баспа ісін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындалды.
Кітапқа құштар буын
Байқаудың жалпы жүлде қоры 2,7 млн теңгені құрады. Сонымен қатар бас жүлде ретінде құны 6,5 млн теңге болатын автокөлік табысталды.

Қатысушылар кітап оқу бойынша білімін сынап, түрлі интеллектуалдық кезеңдерден өтті. Байқау барысында кітап көрмесі, оқырмандар клубының арнайы отырысы, баспа ұйымдары өкілдерімен кездесу және мәдени-танымдық алаңдар ұйымдастырылды.
Қатысушы Айзере Сайлаубектің айтуынша, байқау оның кітапқа деген қызығушылығын одан әрі арттырған.
«Мен осы байқауға қатысып, өз білімімді сынадым, көптеген жаңа мәлімет алдым. Кітап оқудың маңызын терең түсініп, өзім сияқты кітапсүйер жастармен таныстым», – деді ол.
Жоба жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар кітап оқуды сәнге емес, тұрақты өмір дағдысына айналдыруға көмектеседі. Абай облысындағы байқау осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







