Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық жұмысы өтті. Іс-шара Алматы ауданы әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен Махтұмқұлы көшесі бойында ұйымдастырылды. Тазалық жұмысына белсенді жастар мен еріктілер қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қатысушылар көше бойы мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартып, елорданың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараның мақсаты тек қоқыс жинау емес, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының өкілі Сұлтан Өмірғалиевтің айтуынша, қаланың тазалығы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі саналады. Сондықтан сенбілік ерекше форматта өткізіліп, тазалық жұмысы ойын және танымдық әдістермен ұштастырылған.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл еріктілердің белсенділігін арттырып, жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Сенбілікке қатысқан жастар да қаланы таза ұстау мәдениеті әр тұрғыннан басталатынын айтты. Astana Jastary волонтерлік ұйымының мүшесі Әбілмансұр Әмірхан жазғы демалысты пайдалы өткізу және елорданың тазалығына үлес қосу үшін акцияға қатысқанын жеткізді.
«Астананың тазалығы – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Әр азамат қоршаған ортаны таза ұстап, қоқыс тастамауды әдетке айналдыруы қажет», – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар елордада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, экологиялық мәдениет қарапайым әрекеттен басталады. Қоқыс тастамау, қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау және тазалық жұмысына қатысу – қаланың келбетін жақсартатын нақты қадамдар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







