Ұшақтардың артындағы ақ іздер төңірегіндегі даулар әлемде әлі де толастар емес. Кейбір адамдар оларды арнайы шашылып жатқан химиялық заттар деп есептесе, ғалымдар мұндай пікірдің ғылыми дәлелі жоқ екенін айтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Химтрейл» деп аталатын теория алғаш рет кеңінен 2002 жылы тарала бастады. Теорияны жақтаушылардың пікірінше, бұрын ұшақтардың іздері тез жоғалып кететін, ал қазір ұзақ уақыт бойы аспанда сақталады. Осыған сүйенген кейбір адамдар ұшақтар атмосфераға арнайы химиялық заттар шашып жатыр деген болжам жасаған.
Алайда авиация және атмосфералық құбылыстарды зерттейтін мамандар бұл іздердің табиғи физикалық процесс нәтижесінде пайда болатынын түсіндіреді.
АҚШ Федералдық авиация басқармасының мәліметінше, ұшақтардың ақ ізі – жоғары биіктікте пайда болатын мұз кристалдарының шоғыры. Ұшақ қозғалтқыштарынан шыққан өте ыстық газ суық атмосферамен түйіскен кезде су буы ұсақ мұз бөлшектеріне айналады. Нәтижесінде бұлтқа ұқсас ақ жолақ қалыптасады.
Мұндай құбылыс әсіресе ауа температурасы өте төмен және ылғалдылығы жоғары аймақтарда жиі байқалады. Сондықтан кейде із тез жоғалып кетсе, кейде бірнеше сағат бойы аспанда сақталуы мүмкін.
Ұшақтар аспанға не қалдырады
Сарапшылар ұшақ қозғалтқыштарынан белгілі бір химиялық заттардың шынымен бөлінетінін жасырмайды. Бірақ олар арнайы шашылатын заттар емес, кез келген жанармай жанғанда пайда болатын қалыпты шығарындылар.
Федералдық авиация басқармасының дерегіне сәйкес, ұшақ шығарындыларының шамамен 71 пайызы көмірқышқыл газынан, 28 пайызы су буынан тұрады. Қалған аз ғана бөлігін күйе, күкірт қосылыстары және басқа газдар құрайды.
Ғалымдар осы уақытқа дейін авиация арқылы халыққа қарсы химиялық заттарды әдейі шашу фактісін растайтын ешқандай дәлел табылмағанын айтады. Мұндай мәлімдемелер ғылыми зерттеулермен де, мемлекеттік бақылау органдарының деректерімен де расталмаған.
Соған қарамастан теорияның кең таралуына бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, кейбір арнайы ұшақтар ауыл шаруашылығында пестицид шашу немесе орман өртін сөндіру үшін шынымен қолданылады. Бұдан бөлек, тарихта кейбір мемлекеттердің құпия биологиялық сынақтар жүргізгені туралы деректер де бар. Сондықтан қоғамда күмән мен түрлі болжамдар сақталып келеді.
Дегенмен қазіргі ғылыми түсінік бойынша аспандағы ақ жолақтар химиялық шабуылдың белгісі емес. Олар жоғары биіктіктегі температура, ылғалдылық және ұшақ қозғалтқыштарының жұмысы нәтижесінде қалыптасатын кәдімгі инверсиялық іздер болып саналады.
Мамандардың айтуынша, бұл құбылыстың климатқа әсері туралы зерттеулер жалғасып жатқанымен, оны адамдарға қарсы бағытталған жасырын операция ретінде қарастыруға ғылыми негіз жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







