Көктемгі айларда теңге бағамының күшеюі экономикаға тұрақтылық әкелгендей көрінген еді. Мамырда доллардың бағамы 469,2 теңгеге түсіп, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17 пайызға төмендеткенде жұртшылық мұны оң белгі ретінде қабылдаған. Алайда Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының жаңартылған болжамы жағдайдың күрделі екенін көрсетіп отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Оптимистік сценарий бойынша, жаз маусымында америкалық валюта 471–499 теңге аралығында сақталып, отандық тұтынушы үшін қолайлы қалыпта қалмақ.
Дегенмен негізгі базалық болжам мүлдем бөлек траекторияны көрсетіп отыр. Ұлттық валюта құны маусымда 488,5 теңгеге, шілдеде 508,2 теңгеге, ал тамызда 516,5 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін. Жыл соңына қарай доллар бағасы тіпті 527,6 теңгеге дейін көтеріледі деген қауіп бар.
Болжамның басты ерекшелігі сценарий арасындағы алшақтықтың тым үлкендігінде. Мұндай құбылыс теңге тағдырының Қазақстаннан тыс жердегі сыртқы факторға қаншалықты тәуелді екенін айқындайды.
«Мұнай бағасы, доллардың жаһандық динамикасы, капитал қозғалысы мен сыртқы сұраныс қазіргі уақытта ішкі шешімге қарағанда ұлттық валютаға әлдеқайда күшті әсер етіп отыр. «, — дейді осы тұста экономист Руслан Сұлтанов. Тіпті базалық ставканың 17% деңгейіне дейін төмендеуі де жалпы құрылымның бір ғана элементі болып қалмақ.
Сарапшының пікірінше, мамырдағы қарқын теңгенің шынайы күшін көрсеткенімен, қаржы нарығы қазіргі тұрақтылықты жаңа трендтің бастауы ма, әлде кезекті құлдырау алдындағы уақытша тыныштық па деген сұраққа жауап іздеуде.
«Болжамдық сценарий ауқымы кеңіген сайын, нарықтағы белгісіздік те арта түспек. Валюта нарығындағы мұндай тұрақсыздық бағамның күрт өзгеруіне ықпал ететін дербес факторға айналады», — дейді маман.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







