«Қазақмыс» Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруды жалғастырып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Сапардың негізгі нысандарының бірі «NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы болды. Жобаның құны 8,1 млрд теңгені құрайды. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын заманауи спорт кешені 150-200 тәрбиеленушіге арналған.
Академияда Ұлытау облысының қала және аудандарынан келген балалар сапалы білім алып, кәсіби спорттық дайындықтан өте алады. Жоба жасөспірімдерге оқу мен спортты қатар дамытуға мүмкіндік беруге бағытталған.
«NAMYS» спорт клубының қоры Жезқазған өңірінде 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде оның спорт секцияларына 3 мыңнан астам бала қатысқан. Қазір 700-ден астам жас спортшы тұрақты түрде түрлі спорт түрімен шұғылданады.
Академияны биыл қыркүйек айында ашу жоспарланып отыр.
Руслан Өскенәлі сондай-ақ Кеңгір су қоймасы жағалауындағы жаңа қоғамдық кеңістік жобасымен танысты. Набережная құрылысының екінші кезеңі Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылады.

Жобаның құны шамамен 3,4 млрд теңге. Жағалау аумағы облыстық мешітпен бірге қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи демалыс орнына айналуы тиіс. Мұнда серуендеуге, демалуға және мәдени іс-шаралар өткізуге қолайлы жағдай жасалады.
Нысандарды аралау қорытындысында Руслан Өскенәлі жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар өңірдің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
«Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік міндеттемелерді орындау және өндіріс орналасқан өңірлерді дамыту компанияның негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді.
Компания өндірістік жобалармен қатар спорт, мәдениет, білім беру және қоғамдық инфрақұрылым нысандарына инвестиция салып келеді. Бұл Ұлытау облысының тұрақты дамуына және өңірдегі әлеуметтік ортаның жаңаруына ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







