Ақордаға Атыраудың астындағы қара алтынды олигархиялық уыстан шығарып, қазынаға қайтару туралы талап жолданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев Президент әкімшілігіне ресми сауал жолдап, «Айранкөл» мұнай кен орнын мемлекет меншігіне алуды сұрапты.
Қазіргі таңда стратегиялық нысан экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Joint Resources» компаниясы арқылы «Каспий мұнай» акционерлік қоғамының иелігінде отыр.
Тек өткен 2025 жылдың өзінде кәсіпорын 56,8 миллиард теңге таза пайда тапқан. Депутат өндіріс ошағын мемлекеттік «Ембімұнайгаз» құрамына қайта қосу керек деген ұстанымда.
«Кезінде осы «Айранкөл» тікелей «Ембімұнайгаздың» құрамдас бөлігі «Құлсарымұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының есебінде тұрған-ды. Алайда, Назарбаевтың тұсында күмәнді әрі бүркемеленген жағдайда жекеменшік секторға, соның ішінде Құлыбаевтың меншігіне өтіп кетті», — дейді Сәрсембаев .
Айтқандай, «Каспий мұнайдың» Айранкөлді игеруге алған 25 жылдық келісімшарт мерзімі 2029 жылдың қазан айында аяқталады. Қазіргі уақытта Құлыбаевтың құрылымы келісімді тағы 10 жылға ұзарту үшін қауырт әрекетке көшкен екен.
Заңға сәйкес, Президент әкімшілігі депутаттың сауалына 26 маусымға дейін ресми жауап беруі тиіс. Мұнайлы өңірдегі ірі активтің тағдыры жақын күндері белгілі болады деп болжап отырмыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







