Алакөл жағалауында шомылу маусымына дайындық күшейтіліп, демалушылардың қауіпсіздігі тәулік бойы бақылайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары Алакөл көліндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Биыл жағалау аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, оған 14 құтқарушы мен 11 моторлы қайық тартылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін маусым кезінде 50 полиция қызметкері жұмыс істейді. Олардың қызметіне 16 автокөлік пен 5 дрон берілген.
Демалушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау бойына 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымға буйк желісі тартылды. Сонымен бірге 39 бейнебақылау камерасы іске қосылып, 7 пирс пайдалануға берілген. Мұның бәрі көл жағалауындағы бақылауды күшейтіп, төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданына жұмыс сапары барысында Ақши ауылындағы жағалауда орналасқан жедел құтқару жасағының бөлімшесіне барды. Өңір басшысы ондағы Жедел басқару орталығы жүйесінің жұмысымен танысты. Мамандар жағалаудағы бейнекамералар мен орталық жүйенің өзара байланысы қалай іске асатынын баяндады.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тәртіптің сақталуына қажетті жағдай жасалды. Енді осы жүйе іс жүзінде тиімділігін көрсетуі керек. Бақылау қалай жүргізілетінін, анықталған заң бұзушылық бойынша қандай шара қолданылатынын демалушыларға кеңінен түсіндіру қажет. Адамдар тәртіп сақтаудың, санитарлық тазалықтың және өмір қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін түсінуі тиіс», деді Бейбіт Исабаев.
Өткен жылы Жетісу облысында ортақ су пайдалану және су айдындарындағы қауіпсіздік ережесі бекітілген еді. Жағалаудағы бақылау жүйесі мен құтқару инфрақұрылымы сол талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақши аумағында бірнеше жылдан бері құтқару қызметінде жүрген Еламан Ахметқалиев те өз жұмысының маңызын атап өтті. Ол Ақши ауылының тұрғыны екенін, құтқарушы болып жүргеніне 6 жыл болғанын айтты. Оның сөзінше, құтқарушы қызметі үлкен жауапкершілік жүктейді. Жағалауда екі ауысыммен кезекшілік ұйымдастырылғандықтан, патрульдеу жұмысы үздіксіз жүргізіледі.
Туристерге жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ақши ауылында 4 дәрігер мен 2 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Жедел жәрдем көлігі мен санитарлық автокөлік тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ал Көктұма ауылында 6 медицина қызметкері демалушыларға қажетті көмек көрсетуге дайын. Мұнда да санитарлық автокөлік қызметі қарастырылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







