Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын қолдаудың жаңа бағыттарын жариялады. Президент медицина мамандарын әлеуметтік қорғау мен құқықтық қолдауды күшейтуді тапсырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Соңғы үш жылда денсаулық сақтау мамандарына мемлекеттік қолдау көлемі жеті есеге артты. Биылдың өзінде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 33 миллиард теңге бөлінді. Бұл шаралар саладағы кадр тапшылығын жоюға ықпал етуде. Әсіресе, шалғай ауылдарда қызмет ететін дәрігерлерге ерекше назар аударылып, бір реттік көтерме төлемдер берілуде. Былтырдың өзінде 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге берілді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігіне ерекше тоқталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының алғашқы кезеңінде 2023 жылдан бері 655 медициналық-санитарлық көмек нысаны бой көтерді.
Биылдың өзінде 32 аудандық аурухананы жаңарту аяқталады. Елорда мен өңірлерде заманауи емханалар, ғылыми орталықтар мен перинаталды орталықтар салынып жатыр.

– Дегенмен, әлі де үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Пайдалану мерзімі өткен 14 мыңнан астам медициналық нысанның орнына заманауи инфрақұрылым құруымыз керек. Үкіметке осы бағытта ауқымды реновация жүргізіп, материалдық-техникалық базаны толық жаңғыртуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Клиникалық оқыту әдістерін кеңейту керек
Президент медицинадағы басты мәселе – білікті мамандардың тапшылығын жою екенін ерекше атап өтті. Ол бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерін қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
– Біз үшін дәрігерлерге лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктерді қамтамасыз ету маңызды. Осы арқылы ауылдық жерлердегі маман тапшылығын шешуге болады, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент медициналық білім беруді жаңғыртуға баса назар аударды. Ол салалық жоғары оқу орындарының ғылым мен технология орталықтарына айналғанын қолдады.
– Медициналық университеттер клиникалық оқыту әдістерін кеңейтіп, интернатураны толыққанды кәсіби даярлық кезеңіне айналдыруда. Түлектер енді базалық білімді толық меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кірісе алады. Еліміздің жетекші медициналық оқу орындарына қолдауды одан әрі күшейту қажет, – деді Президент.
Әлеуметтік міндеттемелердің маңыздылығын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы әлеуметтік қажеттіліктерге республикалық бюджеттен 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалғанын жеткізді.
– Қазақстан Конституциясына сәйкес әлеуметтік мемлекет. Сондықтан тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі конституциялық міндеті. Мұндай бірегей бағдарлама басқа елдерде жоқ. Жас аналарға көрсетілетін қолдау да елімізде жоғары деңгейде. Аналардың жұмыс орны сақталып, үш жылдық декреттік демалыс және тиісті төлемдер қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы.
Дәрігерлердің ел алдындағы жауапкершілігі жоғары
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды медицинаға енгізудің оң нәтижелеріне тоқталды. Соңғы уақытта диагностика жасау мерзімі төрт есеге қысқарған. Қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші 30 пайызға өскен. Ел бойынша 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Әкімшілік жүктеме 40 пайызға азайды.
Жиын соңында Президент денсаулық сақтау саласының бір топ үздік маманына мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойды.
– Қарағанды облысында жақында төрт жасар баланың өмірін сақтап қалған дәрігерлердің ісі кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі. Осындай адал азаматтарға мемлекет әрдайым қолдау көрсетеді. Бүгінгі марапатты халықтың дәрігерлер қауымына деген зор алғысы деп қабыл алыңыздар, – деді Президент.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерінің ел алдындағы жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет медицина саласын дамытуға барынша қолдау көрсетеді. Соңғы үш жыл ішінде медицина саласына бөлінген қаржы көлемі айтарлықтай өсті. Бұл өз кезегінде саладағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде медициналық туризмді дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, инновациялық технологияларды енгізу арқылы өңірлік орталыққа айнала алады. Осылайша, мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау жолында барлық мүмкіндіктерді пайдалана бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







