Алматы облысының Қарқара жайлауында ұлттық рухты ұлықтаған «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дүбірлі думан биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Қарқара төрінде өткен мереке қазақтың көреген абызы Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Салтанатты шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Мәлік Отарбаев Президент ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрді дәріптейтін тағылымды шараларға ерекше мән беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, Кеген ауданында өткен «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, елдің рухани тамырын тереңдете түседі. Ұлттық сусын, ат спорты, салт-дәстүр және елдік мұра бір арнада тоғысқан мұндай шаралар жас буынға үлкен өнеге береді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те мерекенің маңызына тоқталды. Аймақ басшысы халық қолдаған игі бастаманың ғұмыры ұзақ болатынын айтты. Оның сөзінше, Алматы облысы табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.
Өткен жылы өңірге 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл Алматы облысының табиғи әлеуетіне, тарихи-мәдени мұрасына және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді.
Мереке аясында қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап көрді. Онда қазақ халқының тұрмысы, қолөнері, салт-дәстүрі және тарихи мұрасы таныстырылды. Қарқара жайлауына жиналған жұрт ұлттық ойындардан өткен жарыстарды да тамашалады.

«Қымызмұрындық – 2026» елдік дәстүрді дәріптеп қана қоймай, Алматы облысының туристік әлеуетін танытқан маңызды мәдени шара болды. Қарқарадағы ұлы думан қымыздың қадірін, дала мәдениетінің тереңдігін және ұлттық рухтың биігін тағы бір көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







