Өскеменде жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Ата заңның ресми күшіне енуі қарсаңында ұйымдастырылған жиында конституциялық реформалардың мәні, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Конституция кез келген мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындап, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдейді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты жаңа реформалардың өзегіне айналғаны айтылды. Осы ұстаным негізінде Әділетті Қазақстан құру, қоғамдық келісімді нығайту, жауапты азаматтық қоғам қалыптастыру, «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстан» қағидаттарын орнықтыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары ретінде белгіленген.
Нұрымбет Сақтағанов бұл үдерісте өңірлерге ерекше жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Себебі азаматтар мемлекеттік басқарудың сапасын, қызметтердің қолжетімділігін, инфрақұрылымның дамуын және әлеуметтік әділеттілік деңгейін күнделікті өмірінде бағалайды.
Әкімнің сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл мәселенің стратегиялық маңызы зор. Өңір тау-кен металлургиясы, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғылым және білім салалары дамыған жетекші индустриялық орталықтардың бірі саналады. Облыстың шекаралық орналасуы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, логистикалық әлеуетті арттыруға, инвестиция тартуға және экспорттық мүмкіндікті кеңейтуге қосымша серпін береді.

Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова заң үстемдігі Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі екенін айтты. Оның пікірінше, заң үстемдігінсіз адам құқықтары мен бостандықтарын толық іске асыру мүмкін емес.
Ғалым мемлекеттік органдардың құзыреті мен өкілеттігі заңмен нақты шектелуі керек екенін атап өтті. Құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар, соттар және өзге де мемлекеттік мекемелер өз қызметін заң аясында жүргізген кезде ғана азаматтардың құқықтары сенімді қорғалады.
Жиын соңында қатысушыларға заманауи үлгіде басылып, арнайы түптелген Қазақстан Республикасының Конституциясы табысталды.
Өскемендегі басқосу жаңа Ата заңның мәні тек құқықтық құжатпен шектелмейтінін көрсетті. Конституциядағы қағидаттар өңірлердегі нақты басқару сапасымен, азаматтардың күнделікті өмірімен және қоғамдағы әділеттілікке деген сеніммен өлшенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







