Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы тағы он ауылдық елді мекен табиғи газ желісіне қосылды. Осылайша, өңірлік газдандыру бағдарламасына енгізілген 26 елді мекеннің барлығы толық қамтылды. Нәтижесінде ауданның 33,3 мың тұрғыны табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кербұлақ ауданын газдандыру жобасының бірінші кезеңінде 16 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 374 шақырым болатын газ желісі салынды. Жоба 25 мыңнан астам тұрғынға орталықтандырылған газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік берді.
Екінші кезең аясында 238 шақырым газ тарату желісі тартылды. Байғазы, Алтынемел, Тастыбастау, Ақбастау, Доланалы, Жайнақ батыр, Жаңалық, Шаған, Тастыөзек және Қоғалы ауылдары газбен қамтылды. Аталған елді мекендерде 7,9 мың адам тұрады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев екі кезеңнің нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, газдандыру бағдарламасына енгізілген 26 елді мекенде тұратын 33,3 мың адамның барлығына табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігі жасалды. Жобаның екі кезеңінде аудан аумағында барлығы 612 шақырым газ желісі салынған.
Кербұлақ ауданын газдандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Бұған дейін өңірлік газдандыру сызбасына енбеген тағы алты ауылға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2027 жылы Сарыбастау, Қарашоқы, Арқарлы, Сәмен, Шилісу фермасы және Малайсары ауылдарында газ желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Қоғалы ауылының тумасы, «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Дамир Гуламов тұрғындарды құттықтады. Ол қазір газға қосылуға қажетті техникалық шартты алу рәсімі едәуір жеңілдетілгенін айтты. Ауыл тұрғындары Сарыөзектегі Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, өтінімді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бере алады.
Ай сайынғы газ есептегіш көрсеткішін жолдау үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» мобильді қосымшасы арқылы құрылғыны суретке түсіру жеткілікті. Қосымшадағы жасанды интеллект есептегіш көрсеткішін автоматты түрде танып, мәліметті жүйеге жібереді. Цифрлық қызмет тұрғындардың уақытын үнемдеп, дерек тапсыру рәсімін жеңілдетеді.
Ауыл халқы көмірден құтылады
«QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамы Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев табиғи газды қауіпсіз пайдалану талаптарына ерекше тоқталды. Мамандар тұрғындарға газ жабдықтарын қолдану кезінде сақталуға тиіс негізгі ережелерді түсіндірді. Ауыл халқына қауіпсіздік қағидалары жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды.
Қоғалы ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Тұрбеков жергілікті тұрғындар атынан жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдірді. «Ауылымыздың климаттық ерекшелігіне байланысты жылыту маусымы жыл сайын ұзаққа созылатын, ал табиғи газ келген соң көмір дайындау машақаты мен күн сайын пеш жағу міндетінен құтыламыз. Ауқымды әрі маңызды істі жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтып, әр шаңыраққа жылулық пен молшылық тілеймін», – деді ол.
Жетісу облысы құрылған кезде өңірдегі бес елді мекен ғана табиғи газбен қамтылған еді. Сол кезеңде газдандыру деңгейі облыс халқының шамамен 27 пайызын құрады. Кейінгі жылдары жаңа желілер салынып, газ жеткізілетін елді мекендердің саны айтарлықтай артты.
Қазір Жетісу облысының газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. Панфилов ауданындағы 12, Қаратал ауданындағы үш және Ескелді ауданындағы бір елді мекенді қоса алғанда, барлығы 16 ауылда газдандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жобалар толық жүзеге асқаннан кейін Жетісу облысындағы газдандырылған елді мекендер саны 126-ға жетеді. Өңір халқының 72 пайызы табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, газбен қамтылған тұрғындардың саны 500 мыңнан асады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







