Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, жаңа технологияларды ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде белгіледі. Мемлекет басшысы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект экономиканың өнімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге тиіс екенін атап өткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Абай облысында телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңарту, ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және қоғамдық қауіпсіздік жүйесіне жасанды интеллект енгізу бағытында бірнеше жоба қолға алынған.

Сонымен қатар цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру және шалғай елді мекендердегі байланыс сапасын жақсарту жұмысы жалғасып жатыр. Өңір басшылығы аталған салаларды облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды тетік ретінде қарастырады.
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Басқосуда елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, республикалық маңызы бар жолдар бойында тұрақты байланыс орнату және Алакөл жағалауындағы мобильді желінің сапасын арттыруға қатысты жұмыстар қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі жобалар туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Абай облысы цифрлық дәуірге қадам басты
Абай облысының аумағында 326 елді мекен орналасқан, оның 322-сі ауылдық елді мекен саналады. Қазіргі уақытта 260 ауыл сымды немесе мобильді интернет желісіне қосылған. Қалған елді мекендерді тұрақты байланыспен қамту үшін операторлармен бірлескен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен жасалған инвестициялық келісім аясында облыстағы 178 ауылға талшықты-оптикалық және спутниктік байланыс жеткізу басталды. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 2 352,1 шақырым болатын талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланған. Жыл соңына дейін 86 ауылды жаңа байланыс желісіне қосу көзделіп отыр.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 40 антенна-діңгек құрылымын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 36 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Жоба жүргізушілер мен жолаушыларды жол бойындағы тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиында Алакөл туристік аймағындағы интернет пен мобильді байланыс сапасын көтеруге ерекше назар аударылды. Жағалауға алғаш рет талшықты-оптикалық желі тартылып, 150-ден астам демалыс орны жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Қосымша екі антенна-діңгек құрылымы салынып, байланыс операторларының базалық станциялары орнатылды.
Қабанбай ауылында да жаңа байланыс нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалар туристік маусым кезінде желіге түсетін салмақты азайтып, тұрғындар мен демалушыларға тұрақты байланыс ұсынуға мүмкіндік береді. Өңір басшылығы жағалаудағы цифрлық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен кеңейтуді жоспарлап отыр.
Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстың аудан және қала орталықтарында «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталықтарын құру жұмысы басталды. Биыл Алакөл жағалауына 224 интеллектуалды бейнекамера орнатылып, бақылау жүйесі Семей қаласындағы орталыққа қосылды. Соның арқасында жағалаудағы ахуалды облыс орталығынан тәулік бойы бақылауға мүмкіндік пайда болды.
Жергілікті мамандар әзірлеген жасанды интеллект жүйесі қоғамдық орындарды, адам көп жиналатын аумақтарды және қауіпсіз жүзу аймақтарын үздіксіз қадағалайды. Интеллектуалды камералар құқық бұзушылықты, суық қару ұстаған адамды және өзге де күмәнді әрекеттерді автоматты түрде анықтай алады. Жүйе жоғалған адамдар мен заттарды қысқа мерзімде табуға да көмектеседі.
Демалыс маусымы басталғалы жаңа бейнебақылау жүйесінің көмегімен адасып кеткен 100-ден астам бала ата-анасына табысталған. Жоғалған ұялы телефондар мен сөмкелер де анықталып, иелеріне қайтарылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жасанды интеллект енгізілгеннен кейін жағалаудағы ұрлық пен өзге де құқық бұзушылық деректері бірнеше есе азайған.
Алакөл қауіпсіздік кеңістігін өзгертті
Алакөл жағалауында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ақылды дауыс зорайтқыштар жүйесі де іске қосылды. Құрылғылар демалушыларға қауіпсіздік талаптары, ауа райы және төтенше жағдай кезіндегі әрекет тәртібі туралы жедел ақпарат таратады. Мұндай технологиялар жағалаудағы ахуалды басқару мен алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға тиіс.
Цифрлық білім беру бағыты бойынша Семей қаласындағы Оқушылар сарайында «Tomorrow School» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «TUMO» халықаралық білім беру орталығын ашу мәселесі пысықталуда. Орталықта оқушылар жасанды интеллект, бағдарламалау, анимация, графикалық дизайн, үш өлшемді модельдеу, робототехника және цифрлық шығармашылық бағыттарын меңгереді.

Берік Уәли цифрлық инфрақұрылымның сапасы инвестициялық тартымдылыққа, кәсіпкерлік белсенділікке және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, облыста байланыс пен интернетті дамытуға бағытталған ірі жобалар іске асырылып, жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу жұмысы жалғасуда.
Аймақ басшысы аталған бастамалар алдағы уақытта нақты әлеуметтік және экономикалық нәтиже береді деген сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мұндай шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыруға, цифрлық трансформацияны жеделдетуге және жасанды интеллектіні кең көлемде енгізуге бағытталған. Абай облысының байланыс пен интернет инфрақұрылымын жетілдіруге арналған жобалары алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз, – деді Берік Уәли.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







