Үкімет басшысы Олжас Бектенов стратегиялық нысандар құрылысын созбалаңға салған энергетика саласының басшыларын және транзиттік тасымал жоспарын орындай алмаған «Қазақстан темір жолын» қатаң сынға алды. Премьер-министр Алматыдағы жылу электр орталықтары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы уақытында іске қосылмаса, жауапты тұлғалардың мәселесі жеке қаралатынын ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында министрлердің есебін тыңдаған Бектенов бірқатар саладағы көрсеткіштің көңіл көншітпейтінін айтты. Металлургиядағы өндіріс көлемі 2,7 пайызға, түсті металлургияда 6 пайызға төмендеген. Негізгі себеп ретінде алтын өндірісінің қысқаруы аталды.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бір ай ішінде саланы қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар «Тау-Кен Самұрықпен» бірлесіп, отандық кәсіпорындардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Ол үшін шетелден әкелінетін алтынды Қазақстанда тазарту мүмкіндігін де пайдалану көзделіп отыр.
Үкімет басшысы энергетика саласындағы ахуалға айрықша тоқталды. Энергетика министрлігіне жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөз жүргізіп, мұнай мен газ өндіру жоспарын орындау, көмірді терең өңдеу жобаларына жеке инвестиция тартуды жеделдету және жаңа энергетикалық нысандарды белгіленген мерзімде іске қосу міндеті жүктелді.
«Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 нысандарын, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын уақытында пайдалануға беру бойынша Энергетика министрлігі мен “Самұрық-Қазына” қоры басшыларының жеке жауапкершілігі бар екенін еске саламын», – деді Олжас Бектенов.
Тағы бір түйткіл
Премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада жүргізілген тексеру Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысының тым баяу жүріп жатқанын көрсеткен.
«ЖЭО-3 бойынша жұмыс белсенді емес. Жыл соңына дейін тиісті шара қабылдамасаңыздар, жеке жауапкершілік мәселесі қаралады. Осы мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар», – деді Үкімет басшысы.
Көлік саласындағы жағдай да сыннан тыс қалмады. Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолының» жұмысын жеткілікті деңгейде тиімді емес деп бағалады. Компанияға транзиттік теміржол тасымалын дамыту жоспарын орындап, негізгі теміржол желілерінің құрылысын және вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау тапсырылды.
Премьер-министр өңірлер арасындағы сауда көлемінің тым алшақ екенін де атап өтті. Елдегі тауар айналымының шамамен 70 пайызы небәрі бес өңірдің үлесіне тиеді.
Осыған байланысты әкімдерге бір ай ішінде сауданы дамыту жөніндегі жол карталарын дайындау міндеттелді. Құжатта басым инвестициялық жобалар белгіленіп, шекара маңындағы аймақтарға, туристік өңірлерге және арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетіне ерекше назар аударылуға тиіс.
Олжас Бектенов маусым айында да ҚТЖ басшылығына транзиттік тасымал жоспарының орындалмауына байланысты жеке жауапкершілік барын ескерткен еді. Өткен аптада компанияның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен кетіп, ҚТЖ басшысының міндетін уақытша атқару Бауыржан Орынбасаровқа жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







