Қаңтардан кейін билікке Ермұрат Бапи ауадай қажет болды. Тәуелсіз журналистиканың аңызы, жылдар бойы оппозициялық шепте шыңдалған Бапидің Мәжіліске келуі Жаңа Қазақстанның «біз өзгердік, ескі гвардия келмеске кетті» деген риторикасының тірі айғағы еді деп жазады Ertenmedia.kz.
Редакцияның тұрақты колумнисі Нұрлан Жұмаханның пайымынша, жаңа билік қалыптасып, ескі элитаның реваншистік амбициясы өте жоғары болған өтпелі кезеңде Ақордаға ескі жүйенің кез келген рефлексін бірден басып тастайтын, олардың заңсыз активтері мен кулуарлық қадамдарын қоғамға жария ететін «ақпараттық қару» керек болды. Бапи осы міндетті мінсіз атқарды.
Оның аузымен билік ескі кланның қалдықтарына, экс-елбасыға, оның тұңғыш қызына, күйеубаласына және басқа да ет жақындарына ұдайы соққы беріп отырды.
Біздіңше, Бапидің Құрылтай тізімінен табылмауы билік транзитінің екінші фазасы басталғанын білдіреді.
Ақорда үшін «Қаңтар оқиғасы» мен оның зардабы, ескі кланның қылмыстары туралы риторика өзінің саяси өтімділігін жоғалта бастағандай. Саяси элита өзара мәмілеге келіп, бейбітшілік келісіміне қол қойған сәтте, Бапи сияқты ымыраға көне бермейтін фигуралардың қажеттілігі азаяды. Ерекең әлгіндей келісімге қарамай, ескі кланды аяғына дейін төпелеуді тоқтатпас еді. Ол бар жерде элитааралық реваншизм тақырыбы күн тәртібінен түспес еді.
Ескі кланның негізгі қаржылық және саяси орталықтары бақылауға алынған бетте, Бапи сияқты «ауыр артиллерияны» алғы шепте ұстаудың қажеттілігі жойылғандай әсер қалдырады.
Ерекеңнің сөзі жүйе жазған сценарийден шығып кеткенін де мойындау керек. Оның бойындағы отыз жылдық шынайы оппозициялық табиғат пен журналистік инстинкт осы жасанды шеңбердің ішінде ұзақ тұра алмады. Ол тек Назарбаев кланын емес, қазіргі атқарушы биліктің де сол ескі жүйенің сарқыншағын әлі күнге дейін сақтап отырғанын, кадрлық саясаттағы дәрменсіздікті де сынай бастады.
Депутаттың кез келген резонансты мәселені, мейлі ол заңсыз актив, мейлі Қаңтардан кейінгі элиталық қақтығыстар болсын өзіндік экспрессиямен әрі инсайдерлік деңгейде елге жеткізіп отырғаны үлкен үйдегі қауымға ой салды ма ойлаймыз. Түптеп келгенде, қоғамда «шындықты тек Бапи айтады, ал мемаппарат тек соның соңынан салдарымен күресіп жүр» деген қауіпті стереотип орнықты.
Біз білсек, ескі Қазақстанның шетел асқан активтерін қайтару қазір мәжілістегі эмоция алаңынан заңгерлер мен банкирлердің үнсіз үстеліне ауысқан, ал бұл үстелде Ерекеңе орын табылмасы анық еді.
Бапидің Құрылтайға қатысты соңғы риторикасы оның жүйемен арадағы соңғы компромиссі болуы әбден мүмкін. Оған «алаңнан сыпайы түрде кету» мүмкіндігі берілді, бұл ресми биліктің де, оның да беделін сақтап қалудың жалғыз жолы еді.
Билік ескі кланды жеңді (немесе келісті), енді оған бұл соғыстың батырлары керек емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







