Жаңа саяси маусымнан бастап қызу іске кірісетін Құрылтайдан ережеге көне бермейтін, өз бетінше күн тәртібін қалыптастыра алатын бірнеше азамат сырт қалды. Желідегі қауым, соның ішінде Бақытжан Базарбектің тұлғасына ерекше екпін беруде деп жазады Ertenmedia.kz.
Редакцияның тұрақты колумнисі Нұрлан Жұмахан осы орайда тосын пікір білдіріп, батыл аргументін ортаға салды. Сонымен.
Ақорда идеологтарына Мәжілісті дебат алаңы ретінде қарастырған Базарбектің стилі қауіпті сезілсе керек. Жер мәселесі, құрылыс олигополиясы, есімі ескі Қазақстанмен байланысты тұлғаларға үш жыл бойы тыным бермеген экс-депутат саяси элита ішіндегі «статус-квоны» бұзғандай әсер қалдырады.
Базарбекті саяси тізімнен сызып тастауға осы бір ықпалды топтың ұжымдық реакциясы да әсер еткені анық. Мәжіліс трибунасында жүріп жеке брендін тым қатты күшейтіп жіберген білікті заңгердің мәлімдемелері соңғы кезде ресми риторикадан да өтімдірек болып кеткені өтірік емес.
Иә, әуел баста ол қоғамның буын шығаруға қызмет қылды. Бірақ, бұл рөлдің жарамдылық мерзімі бар-тын. Билік халықтың наразылық энергиясы осы бір тұлғаның төңірегіне тым қатты шоғырланып кеткенінен шошып қалғандай.
Сондықтан қазіргі саяси дизайн үшін Базарбекті уақытында шектеу өте маңызды болды.
Заңгер ретінде мықты болғанымен, саяси маневрге, кулуарлық келісімдерге бара бермейтін Базарбектің принципшілдігі өзіне таяқ боп тиген тәрізді. Оны сыртқа тебу арқылы қазіргі жүйе өзге депутаттарға да «шектен шықпау» туралы белгі беріп отыр.
Біздіңше, Базарбектің Құрылтайдан шеттеуі оның саяси салмағының қаншалықты артқанын көрсететін барометр. Иә, әзір асығыс үкім шығаруға болмас. Қазіргі беталысқа қарасақ, біреулер Базарбекті шешім қабылдау тетіктерінен толық ажыратып, «жай ғана блогер немесе белсенді заңгер» деңгейіне түсіріп тастауды көздеп отырғандай. Ресми мінберсіз кез келген саясаткердің ықпалы уақыт өте келе әлсірейтінін жүйе жақсы біледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







